БҰҰ-ның Орталық Азиядағы ғаламдық лаңкестікке қарсы стратегиясын қолдаймыз - ҚР СІМ елшісі
АЛМАТЫ. 21 маусым. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның Орталық Азиядағы ғаламдық лаңкестікке қарсы стратегиясын жүзеге асырудың бірлескен әрекеттестік жоспары біздің елдеріміздің күшін біріктіруге негіз бола алады.
Бұл туралы бүгін Алматыда БҰҰ-ның лаңкестікке қарсы шараларын жүзеге асыру жөніндегі мақсатты тобы мен БҰҰ-ның Орталық Азия үшін первентивті дипломатия бойынша аймақтық орталығының консультативтік кездесуінде айтылды.
«Бұл кездесу құзырлы орталық органдардың және аймақтық ұйымдардың әрекеттестігін нығайта түседі. Өзара пікір алмасып, лаңкестік сияқты қауіптермен күрес тәжірибесін бөлісуге мүмкіндік береді. Қазір лаңкестік ұйымдардың әрекеті трансұлттық сипат алуда. Онымен қандай бір ел, не ұйым жеке күресіп жеңе алмайды. Әлемдік қоғамдастық тек келісілген өзара әркеттестік арқылы бұл қауіптің алдын ала алады», - дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова.
Оның айтуынша. аймақтық ұйымдар аясындағы көптарапты лаңкестікке қарсы ынтымақтастықтың маңызы зор. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде 2010 жылы Орталық Азия өңірінің мәселелеріне әлем назарын аударуға ерекше мән берді. Бұл мәселелер аймақтық және халықаралық ұйымдардың жұмысында да жан-жақты көрініс табуда.