БҰҰ, Ресей және АҚШ-пен қарым-қатынас, Тайвань: Қытай министрінің көзқарасы қандай
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытайдың маңызды саяси оқиғасы «Екі жиналыстың» – Сыртқы істер министрінің баспасөз мәслихаты 7 наурызда Бейжіңде өтті.

Биыл «Үкімет Премьер-Министрдің баспасөз мәслихаты» өтпейтіндіктен, Сыртқы істер министрінің баспасөз мәслихаты БАҚ назарын аударған оқиғаға айналды. Қытай Сыртқы істер министрі Ван И баспасөз мәслихатына қатысып, Қытай және халықаралық БАҚ тілшілерінің сұрағына жауап берді.
Бейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты бір жарым сағатқа созылды. Ван И барлығы 21 тілшінің сұрағына жауап берді. Оның тоғызы Қытайдың мемлекеттік БАҚ тілшілері, ал Еуропа мен Америка БАҚ өкілдерден тек екі тілшіге ғана сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Ван И Қытай-Ресей қарым-қатынасы, Қытай-АҚШ қарым-қатынасы, Қытай-Еуроодақ қарым-қатынасы, Газа соғысы және Тайваньдағы жағдайға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Ван И: Халықаралық ережелер тек БҰҰ Жарғысына негізделуі тиіс
Қытай Сыртқы істер министрі баспасөз мәслихатында Қытайдың негізгі ұстанымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты көзқарасына тоқталды.
«Қытай әрқашан әлемде бір ғана жүйе бар деп есептеді. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымы болып табылатын халықаралық жүйе. Бір ғана тәртіп бар, ол – халықаралық құқыққа негізделген халықаралық тәртіп», - деді Ван И.
Ван И ешбір ел Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарынан бас тартып, халықаралық істерде өз логикасына сүйеніп әрекет етуге болмайтынын баса айтты. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебесін алмастыруға болмайтынын, сондықтан оның рөлін әлсіретудің орнына үздіксіз күшейтіп, нығайту керектігін жеткізді.
«Біз халықаралық құқыққа негізделген және әділдік пен теңдік қағидаттарына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының үздіксіз дамуы мен жетілдірілуіне қолдау көрсету, халықаралық қатынастарда демократияландыру мен заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін халықаралық қоғамдастықпен жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Қытай сыртқы істер министрі.
Қытай-Ресей қарым-қатынасы – «ірі державалардың қарым-қатынасының жаңа үлгісі»
Ван И баспасөз мәслихатында Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасы туралы сөз қозғағанда, Қытай мен Ресей «қырғи-қабақ соғыс дәуірінен ерекшеленетін ірі державалар қарым-қатынасының жаңа үлгісін» орнатқанын айтты.
«Төраға Си Цзиньпин мен президент Путиннің стратегиялық жетекшілігімен Қытай мен Ресейдің жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестігін жоғары деңгейде сақтап қалды. Екі жақтың өзара саяси сенімі тереңдей түсіп, тиімді ынтымақтастық орнатты. Қытай мен Ресей бір-бірінің кемшіліктерін толықтырып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізе алады. Оның үстіне екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық алмасуы да жоғары деңгейде», - деді Ван И.
Қытай Сыртқы істер министрінің айтуынша, Қытай мен Ресей арасындағы екіжақты сауда көлемі 2023 жылы 240 миллиард АҚШ долларын құрайтын рекордтық көрсеткішке жетіп, 200 миллиард АҚШ долларына жету мақсатына мерзімінен бұрын жеткен.
«Әлемдегі ірі державалар және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде Қытай мен Ресей ірі державалардың қарым-қатынасының ескі қырғи-қабақ соғыс дәуірінен мүлдем өзгеше жаңа үлгісін жасады», - деді Қытай Сыртқы істер министрі Ван И.
Ван И Қытай мен Ресей арасындағы бұл жақсы қарым-қатынастың жаһандық стратегиялық тұрақтылықты сақтау, дамып келе жатқан державалар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету және ірі державалар арасындағы салауатты өзара әрекеттесуді ілгерілету үшін елеулі тәжірибелік мәнге ие екенін баса айтты.
Ван И АҚШ-тан Қытай мен Америка жүйелері арасындағы айырмашылықтарды құрметтеуді сұрайды
Ван И Қытай-АҚШ қарым-қатынасы туралы сөз қозғағанда, Қытай-АҚШ қарым-қатынасы тек екі халықтың игілігіне ғана емес, адамзат пен әлемнің болашағына да қатысты екеніне назар аударды. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытайдың АҚШ-қа қатысты саясаты тұрақты болып, өзгермегенін баса айтты. Ван И Қытай мен Американың қарым-қатынасы үш негізгі қағидаға сүйенуі керек деп мәлімдеді: өзара құрмет, бейбітшілікті сақтау және өзара тиімді ынтымақтастық.
«Екі елдің әлеуметтік және саяси жүйелері бір-бірімен мулдем басқаша болғандықтан, тек айырмашылықтарымызды құрметтеп, оларды мойындау арқылы ғана екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтай аламыз», - деді Ван И.
Қытай Сыртқы істер министрі Қытай мен АҚШ арасында қақтығыс туындаса, оның салдары өте қорқынышты болатынын, бірақ өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізуге болатын болса, оның бүкіл әлемге пайдалы болатынын айтты.
Тайваньға ешқашан тәуелсіз болуға жол берілмейді
Тайвань мәселесін сөз еткенде Қытай Сыртқы істер министрі «әлемде бір ғана Қытай бар» деген қағидаға тоқталып, Тайвань әрқашан Қытайдың территориясы болып қала беретінін мәлімдеді. Ван И «Тайвань тәуелсіздігін» кез келген қолдау әрекеттердің барлығы Қытайдың ұлттық егемендігіне араласу және құрметтемеу болып табылады деді.
«Тайваньның тәуелсіздігін қолдау өз денесіне от жағумен тең», - деді Ван И.
Осыдан бұрын хабарлағандай, Қытайдың жыл сайынғы маңызды саяси оқиғасы – «Екі жиналыс» дүйсенбі күні ел астанасында басталған. 2 аптаға созылған маңызды саяси іс-шарада заң шығарушылар жаңа заңдарды, саяси тағайындауларды және әртүрлі ведомстводағы, соның ішінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиядағы жұмыс барысын егжей-тегжейлі сипаттайтын үкімет жұмысының есебін бекітеді.