БҰҰ: тарихы, бейбітшілік жолындағы миссиясы және бүгінгі сын-тегеуріндер
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас Ассамблеясының залында неге жыл сайын орын ауысады, ұйымның қанша ресми тілі бар және оның өкілдері қанша рет бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алды? Kazinform тілшісі ең ірі жаһандық ұйым жайында қызықты деректер жинап шықты.

БҰҰ қалай құрылды?
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылғы 24 қазанда құрылды. Сан-Францискода халықаралық ұйым құру жөніндегі конференцияға 50 елдің өкілдері жиналды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының 1945 жылы 26 маусымда қол қойылған халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсетуге, адам құқықтарын және халықаралық құқық нормаларын қорғауға бағытталған Жарғысына сәйкес өткізілген болатын.
БҰҰ-ның алдында Ұлттар Лигасы болды. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста, яғни 1919 жылғы Версаль келісіміне сәйкес құрылған еді. Ұлттар Лигасы 1946 жылы тиімсіз деп танылып, таратылды.
Ұлттар Лигасының түбіне жеткен оқиғаларды санамалап өтетін болсақ: Жапонияның Қытайға қарсы агрессиясы (1931 ж.), Италияның Лигаға мүше мемлекет Эфиопияны басып алуы (1935-1936 жж.), Германияның Версаль және Локарн шарттарын бұзуы (1936 ж.), Чехословакия аумағын, Польша және Венгрияны басып алуы (1938-1939 жж.), сондай-ақ 1939 жылдың желтоқсанында КСРО-ның Ұлттар Лигасынан шығарылуы (Финляндиямен соғысқа байланысты).
Мақсаты
БҰҰ мынадай мақсаттарды көздейді: халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, халықаралық проблемаларды (экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы) шешу және нәсіліне, жынысына, тіліне және дініне қарамастан адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу, сондай-ақ осы жалпы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың іс-әрекеттерін үйлестіру.
Ресми тілдері
БҰҰ-да алты тіл ресми мәртебеге ие. Құжаттардың басым бөлігі ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде жарық көреді. Бірақ жұмыс тілі ағылшын және француз тілдері болып саналады.

Құрылымы
БҰҰ-ға алты негізгі орган басшылық етеді:
- Бас Ассамблея - басты кеңесуші, директивалық және өкілді орган.
- Қауіпсіздік Кеңесі - бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты. Кеңес құрамына 15 ел кіреді: оның бесеуі - тұрақты мүшелер (Ресей, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ және Франция) және он ел тұрақты емес мүше саналады, олар екі жыл мерзімге сайланады. Қазіргі уақытта олар: Алжир, Сьерра-Леоне, Корея Республикасы, Гайана, Словения, Грекия, Дания, Пәкістан, Панама және Сомали.
- Экономикалық және Әлеуметтік кеңес - ауқымды саяси, экономикалық және экологиялық мәселелерді талқылайтын басты алаң. Құрамына 54 мүше ел кіреді, оларды Бас Ассамблея үш жыл мерзімге сайлайды. Кеңестің құрамындағы орындар елдердің географиялық орналасуы бойынша бөлінеді.
- Қамқоршылық жөніндегі кеңес - қамқорлыққа алынған аумақтарды бақылаумен айналысып келді. 1994 жылы 1 қарашада кеңес өз жұмысын тоқтатты (1994 жылы 1 қазанда БҰҰ-ның қамқорлығындағы соңғы аумақ Палау тәуелсіздік алғаннан кейін). Кеңес қажет болған жағдайда өз шешімімен немесе Төрағаның, БҰҰ мүшелерінің көпшілігінің, Бас Ассамблеяның немесе Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен жиналуы мүмкін.
- Халықаралық сот - екі негізгі міндетті орындайды: құқықтық дауларды шешеді және құқықтық мәселелер бойынша консультативтік қорытындылар шығарады. Сот апелляциялық шағымдарды қабылдамайды. Оның шешімі түпкілікті болып саналады.
- Хатшылық - әлемнің түкпір-түкпіріндегі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер. Бұл орган БҰҰ-ның күнделікті жұмысын атқарады.

Сондай-ақ БҰҰ әртүрлі қорлардың, бағдарламалардың, мекемелер мен ұйымдардың жұмысын үйлестіреді. Олардың ішінде: БҰҰ Балалар қоры (UNICEF), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP), Халықаралық еңбек ұйымы (ILO), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO), Халықаралық валюта қоры (IMF), Дүниежүзілік банк (The World Bank), Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO) бар.
Соңғы мәліметтер бойынша, БҰҰ-да 193 елде 37 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Ұйымның бюджеті мүше елдердің жарналарынан құралады.
Бюджет
Бас Ассамблея БҰҰ-ның 2025 жылға арналған тұрақты бюджетін бекітті, ол 3,72 млрд долларды құрайды.
БҰҰ тұрақты бюджетінің жартысынан астамын (54,6%) тек төрт ел ғана қамтып отыр: АҚШ - 22%, Қытай - 20%, Жапония - 6,93% және Германия - 5,69%.
БҰҰ-ның тұрақты бюджетіне ең қомақты жарна төлейтін он елдің қатарына: Ұлыбритания - 3,9%, Франция - 3,8%, Италия - 2,8%, Канада - 2,5%, Корея Республикасы - 2,3% және Австралия - 2% кіреді.

БҰҰ бітімгершілік операцияларын қолдау немесе кеңейтуге бағытталған бюджет 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 2025 жылғы 30 маусымға дейінгі қаржы жылына 5,6 млрд АҚШ долларын құрады.
2024-2025 жылдары БҰҰ бітімгершілік операцияларының ең ірі он доноры: АҚШ (26,95%), Қытай (18,69%), Жапония (8,03%), Германия (6,11%), Ұлыбритания (5,36%), Франция (5,29%), Италия (3,19%), Канада (2,63%), Корея Республикасы (2,57%), Ресей (2,29%).
БҰҰ қандай мәселелерді шешеді?
БҰҰ кең ауқымды жаһандық проблемалармен айналысады, оның ішінде:
- Бейбітшілік пен қауіпсіздік (жанжалдарды реттеу және соғыстың алдын алу, бітімгершілік миссиялар, қарусыздану және қару-жарақты бақылау, терроризмге қарсы күрес).
- Адам құқықтары (азшылықтар мен осал топтардың құқықтарын қорғау, кемсітуге, азаптауларға, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, адам құқықтарының бұзылуын бақылау).
- Орнықты даму және экология (ОДМ 2030 орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған ортаны, биоалуантүрлілікті, су және орман ресурстарын қорғау).
- Гуманитарлық көмек (босқындарға жәрдем, табиғи апаттар мен дағдарыстарға жауап беру, азық-түлік көмегі).
- Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет (білім беруді қолдау, эпидемиялармен күрес және денсаулық сақтауды дамыту, АИТВ/ЖИТС бағдарламасы).
- Халықаралық құқық (халықаралық шарттарды әзірлеу және қолдау, БҰҰ Халықаралық соты және басқа да сот органдары, соғыс қылмыстары, геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар үшін заң алдында қудалау).
- Экономикалық және әлеуметтік даму (дамушы елдерді қолдау, кедейлік пен аштықпен күрес, гендерлік теңдік пен әйелдер құқықтарына жәрдемдесу).

БҰҰ тарихындағы басты даталар
- 1942 жылғы 1 қаңтар - Біріккен Ұлттар Декларациясына қол қойылды, бұл құжат БҰҰ құрылуына жол ашты.
- 1945 жылғы 26 маусым - Сан-Франциско конференциясында 50 ел БҰҰ Жарғысына қол қойды.
- 1945 жылғы 24 қазан - БҰҰ ресми құрылды. БҰҰ Жарғысы күшіне енді. Бұл дата жыл сайын БҰҰ күні ретінде атап өтіледі.
- 1948 жылғы 10 желтоқсан - Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданды.
- 1955 жыл - БҰҰ-ға 16 жаңа мемлекет, оның ішінде Шығыс Еуропаның көптеген елдері қабылданды.
- 1960 жыл - "африкалық серпіліс" жылы: Африканың 17 елі БҰҰ-ға мүше болды.
- 1961 жыл - БҰҰ Даму бағдарламасы құрылды.
- 1966 жыл - Адам құқықтары туралы халықаралық билль келесі халықаралық құжаттарды қамтиды: Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, сондай-ақ оларға факультативтік хаттамалар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен бірге (1948 ж.).
- 1971 жыл - БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары Тайваньды ығыстырып, ҚХР-дың БҰҰ-дағы заңды құқықтарын қалпына келтірді.
- 1992 жыл - Рио-де-Жанейродағы Жер саммиті - экологиялық күн тәртібін орнықтырған сәт.
- 2000 жыл - Мыңжылдық декларациясы мен Мыңжылдық даму мақсаттары қабылданды.
- 2015 жыл - 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібі және Орнықты дамудың 17 мақсаты қабылданды.
Қызықты деректер
БҰҰ елдерді өз шешімдерін орындауға мәжбүрлей алмайды, БҰҰ Жарғысының VII тарауына сәйкес, тек Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары ғана барлығы үшін міндетті.
БҰҰ-ға әлемнің 193 мемлекеті кіреді. Ватиканның бақылаушы ел мәртебесі бар.
БҰҰ-ның бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан, бірақ ол орналасқан аумақ АҚШ-қа тиесілі емес, халықаралық мәртебеге ие.
БҰҰ Халықаралық соты Гаагада (Нидерланд) орын тепкен - бұл Нью-Йоркте орналаспаған БҰҰ-ның жалғыз басты органы.
Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратында ресми іс-шаралардан басқа кезде мүше елдердің туларын іліп қоюға тыйым салынған - бұл БҰҰ-ның бейтараптығын көрсетеді.
Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын елдердің (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) азаматтары БҰҰ Бас хатшысы бола алмайды. Бұл - жазылмаған ереже, бірақ қатаң сақталады.
Бас Ассамблея залында елдерге арналған орындар жыл сайын ауысып отырады. Залда отыру тәртібі жеребе бойынша анықталады.
БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы Палестинада (UNTSO) болды, ол әлі де жалғасуда.

БҰҰ құрылғалы бері бірде-бір ел одан шығарылған жоқ. 1965 жылы Индонезия көршілес Малайзиямен болған шиеленіске байланысты БҰҰ құрамынан уақытша шықты, алайда келесі жылы өз мүшелігін қалпына келтірді.
2021 жылы климатты бақылау үшін «БҰҰ Ғарыш кеңістігі жөніндегі басқармасы» (UNOOSA) жобасы аясында БҰҰ-ның алғашқы наноспутнигі іске қосылды.
Найробидегі (Кения) БҰҰ-ның «жасыл» ғимараты - БҰҰ-ның толықтай күн энергиясымен жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы ғимарат
2022 жылы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) 160 миллионнан астам адамды тамақтандырды - бұл агенттік тарихындағы рекорд.
БҰҰ бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын 12 рет алды:
• 1950 жыл: Ральф Банч, 1948 жылғы арабтар мен еврейлер арасындағы қақтығысты реттеу жөніндегі Палестинадағы БҰҰ-ның ымырагері.
• 1954 жыл: БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы.
• 1961 жыл: Даг Хаммаршельд, БҰҰ-ның екінші Бас хатшысы Конго Демократиялық Республикасындағы қақтығысты реттегені үшін.
• 1965 жыл: БҰҰ Балалар қоры (UNICEF).
• 1969 жыл: Халықаралық еңбек ұйымы.
• 1981 жыл: БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы.
• 1988 жыл: БҰҰ бітімгершілік күштері.
• 2001 жыл: БҰҰ және Бас хатшы Кофи Аннан.
• 2005 жыл: Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік және оның бас директоры Мұхаммед әл-Барадей.
• 2007 жыл: Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы және кіші Альберт Арнольд Гор.
• 2013 жыл: Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым.
• 2020 жыл: Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы.
Бұған дейін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы ашылғанын жазған болатынбыз.