11:18, 20 Желтоқсан 2013 | GMT +5
БҰҰ жүргізетін бітімгершілік шараларына қатысу әскери мамандарымыздың халықаралық топ құрамында баға жетпес тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді - И.Адырбеков
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізетін бітімгершілік шараларына қатысу әскери мамандарымыздың халықаралық топ құрамында баға жетпес тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы Үндеуін қарау барысында сенатор Икрам Адырбеков осылай деді.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан қазір БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінің құрамына енетін болсақ, бұл біздің еліміздің халықаралық қоғамдастықтың саяси төрінен орын алуына мүмкіндік береді»,- деді ол.
Осы ретте сенатор оның мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын одан ары нығайтудың бірден-бір жолы, бірден-бір кепілі екендігін баса айтты.
«Екінші жағынан бейбітшілікті сақтау, бітімгерлік мақсатында БҰҰ-ның жүргізетін шараларына тікелей қатысу біздің әскери мамандарымыздың халықаралық топ құрамында баға жетпес тәжірибе жинақтауына, арнайы басқару жұмыс практикасымен жете танысуына, шетел тілдерін терең игеруге мүмкіндік береді. Бұл - үлкен мектеп», - деді И.Адырбеков.