Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы сауда айналымы 11 млрд. долларды құрады
АНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы сауда айналымы 11 млрд. долларды құрады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов осылай мәлім етті.
Шарт шеңберінде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытатын, өз аумақтарында екінші тараптың жеке және заңды тұлғалары үшін кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдайлар жасайтын, өндірістік, инвестициялық, банк және коммерциялық салаларда ынтымақтастықты көтермелейтін болады. Қаржы-өнеркәсіп топтарын, холдингтік және лизингтік компаниялар ққұру және оны дамыту шаралары да қарастырылады.
«Жалпы, алғанда Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық ынтымақтастық та қарқындылығымен ерекшеленеді. Бұл ретте Италия Қазақстанның сауда әріптесі ретіндегі Қытайдан кейінгі екінші мемлекет. Былтырғы жылы Қазақстан мен Италия арасындағы сауда айналымы 11 млрд. доллардан асты. Қазақстан мен Италияның стратегиялық әріптестік туралы шарты тарихи мәнге ие. Екі елдің өзара байланыс сапасын арттырып, оны жаңа деңгейге көтеретін болады», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов.
Еске сала кетейік, аталған шарттың мақсаты саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени, және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беру болып табылады.