Былтыр шетелдік басылымдарда ғылыми атақтарға үміткерлердің 162 мақаласы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы философия докторының дәрежесі және ғылыми атақтар алуға үмітті жұмыстарды жариялауға болатын журналдарға қойылатын талаптарды күшейтетін және қатаң регламенттейтін бірқатар нормативтік құқықтық құжаттар қабылданды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Былтыр шетелдік басылымдарда ғылыми атақтарға үміткерлердің 162 мақаласы жарияланды

«Жыл сайын қазақстандық ғалымдар шетелдік журналдарда жүздеген зерттеу мақалаларын жариялайды. Басылымдардың кейбіреулері ақша үшін кез келген сападағы мақалаларды тез жариялайды. Мақала жариялайтын ғалымдардың ешбірі жалған ақпараттан сақтандырылмаған», делінген хабарламада.

Мақалаларды коммерциялық мақсатта лайықты рецензиялаусыз шығаратын ғылыми басылымдар мен алаяқ сайттардың бар екендігі туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитетіне 2014 жылдан бері белгілі. Қазақстан 2011 жылдан бастап Thomson Reuter және Еlsevier ақпараттық компанияларымен Ұлттық лицензия арқылы академиялық қауымдастықтың Web of Knowledge және Scopus мәліметтер базасына тегін кіре алады.

 «Енді ғылыми мақалалар Web of Science, Thomson Reuters ақпараттық базасында импакт-фактор болған кезеңде немесе Scopus базасында индекстеу кезеңінде басылымдарда жариялануы керек және журналдың тақырыптық бағытына сәйкес болуы қажет. Осылайша, біз докторант немесе ғылыми атақ ізденушісі мақаласын жариялауға тиіс журналдарда жариялауға  шек қоямыз», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева.

Білім және ғылым саласын бақылау комитеті «Қазақстандық ғылыми журналдарды халықаралық ақпараттық ресурстарға енгізу: проблемалар мен оларды шешу жолдары» дөңгелек үстелін, «Ғылыми еңбектер этикасы. Плагиат» дөңгелек үстелін, сонымен қатар, Алматы менеджмент университетімен бірлесіп, шетелдік ақпарат компанияларының өкілдерінің, америкалық ғалым және библиограф Джефри Биллдің қатысуымен «Академиялық адалдық: рецензияланатын басылымдарда қалай жариялану керек» халықаралық ғылыми-практикалық оқыту семинарын ұйымдастырды.

«Аталған шараларға академиялық қауымдастық өкілдері, оқытушылар, докторанттар, кітапханашылар шақырылды. Соңғы семинарда қатысушылардың әр санатымен жеке шеберлік сыныптары өткізілді. Комитет осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады, кездесулер ұйымдастырады», - деді Ләззат Бөлебаева.

Оның айтуынша, көптеген халықаралық ғылыми басылымдардың ішінен авторлар журналды оның өзінің беделіне қалай әсер ететіні жағынан таңдауы керек. Авторлар халықаралық  шетелдік ғылыми басылымдардың ішінен олардың ғылыми бағыттарына сай, халықаралық дәйексөз келтіру базасында тұрақты әрі айтарлықтай рейтингке ие журналдарға тоқталуы тиіс. Журналдың беделі автордың ғылыми беделіне міндетті түрде ықпал етеді. Қызығушылық білдірген авторлар мақалалары шетелдік әріптестеріне қызықты басылымдарда өз еңбектерін жариялайды, кейіннен сонда олардың дәйексөздері келтіріліп, сілтемелер жасалатын болады. Ал бұл ғалымның рейтингіне, дәйексөз келтірудің көрсеткішіне немесе Хирша индексіне әсер етеді.

Айта кетейік, 2016 жылы шетелдік басылымдарда ғылыми атақтарға үміткерлердің 162 зерттеу мақаласы жарияланды. Бірақ тек 111 үміткер ғана доцент пен профессор ғылыми атақтарын алды. 2015 жылы 64 үміткердің тек 38-і ғана ғылыми атаққа ие болды.

2016 жылы PhD үміткер 377 адам өз зерттеулерін шетелдік басылымдарда жариялады, оның ішінде 348-і ғана, ал 2015 жылы 451 үміткердің 407-сі PhD дәрежесін алды.