Бюджеттің 20%-ы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталады – Динара Зәкиева
АСТАНА. KAZINFORM – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдармасында әлеуметтік жүйеге ерекше назар аударылды. Бұл жөнінде партияның кезектен тыс III съезінде Құрылтай сайлауына аталған партиядан ұсынылатын кандидат Динара Зәкиева айтты.
– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл Конституцияда бекітілген және іс жүзінде де дәлелденіп келеді. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттің әрбір бесінші теңгесі әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталады. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдармасында әлеуметтік жүйеге ерекше назар аударылды, – деді ол.
Динара Зәкиеваның сөзінше, ең алдымен, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға көрсету керек. Ол бұл бағыттағы қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай цифрлық платформаны қолдануды ұсынды.
Сонымен қатар әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – отбасылар мен азаматтарға өзін-өзі асырауға көмектесу. Сол себепті Динара Зәкиева әр отбасымен жеке жұмыс жүргізіп, азаматтарды жұмыспен қамту қажеттігін атап өтті.
– Екіншіден, негізгі басымдық – отбасы мен балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету. Елімізде 6 млн отбасы және 7 млн-ға жуық бала бар. Мемлекет басшысының бастамасымен осы салада маңызды реформалар жүзеге асырылып жатыр, 11 заң қабылданды. Соның нәтижесінде, қиын жағдайлардың алдын алу және қолдау көрсету үшін кешенді жүйе құрылды. Атап айтқанда, өңірлердегі әр аудан әкімдіктерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, психологиялық қолдау орталықтары және 111 бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны ашылды, балалар ұйымдарын лицензиялау енгізілді, – деді ол.
Динара Зәкиева аталған механизмдерді жетілдіруді, жаңа стандарттар мен тәсілдер енгізуді, қолданылатын цифрлық құралдарды нығайтуды және eGov платформасында балаларға арналған цифрлық маршрут құруды ұсынды.
– Сонымен қатар осы жылы «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында 158 іс-шара көзделген. Олардың әрқайсысы нақты мәселені шешуге бағытталған. Мысалы, балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, барлық өңірде балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, психологтар мен қорғаншылық органдарының жалақысын арттыру, балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту және жақсарту т.б. мәселелер қарастырылған, – деді ол.
Құрылтайға кандидаттың сөзінше, партияның міндеті – «Қазақстан балалары» бағдарламасын сапалы түрде орындау.
Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясында мүшелік жарнаның көлемі айқындалғанын жазғанбыз.