Бюджеттің игерілуі: Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның есебі қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланады. Сонымен қатар, депутаттар кедендік реттеу туралы кодекске енгізілген түзетулерді қарайды.
Биыл Үкімет есебі алғаш рет жаңа Бюджет кодексінің талаптарын ескере отырып жасалды. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан экономикасы 2025 жылы 6,5 пайыз деңгейінде жоғары өсім көрсетті, бастапқы болжам 5,6 пайыз деңгейінде болған. Мұндай нәтижеге мұнай өндірісінің ұлғаюы, инвестициялық белсенділіктің жоғарылауы, ішкі сұраныстың өсуі, сондай-ақ құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібінің жедел дамуы есебінен қол жеткізілді.
Атап айтқанда, биыл 21 мамырда Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы аталған есептер таныстырылған еді.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, есептерді талдау барысы бюджеттің атқарылу процесінде ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар жүйелі мәселенің әлі де бар екенін көрсетті. Біріншіден, бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылмауы. 2025 жылы республикалық бюджеттің кірісі 335,3 млрд теңгеге игерілген жоқ. Салық және кедендік түсімдерді болжау сапасына қатысты мәселелер әлі де бар. Екіншіден, бюджеттің Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге жоғары тәуелділігі сақталуда. 2025 жылы қордан алынған қаражат көлемі 5,3 трлн теңге болды, оның айтарлықтай бөлігі нысаналы трансферттерге тиесілі. Бұл ретте Ұлттық қорға түсетін түсімдердің толықтығы және пайдаланылмаған қаражатты уақтылы қайтару бойынша жүйелі мәселелер әлі де қалып отыр.
— Жыл ішінде бюджет 8 рет түзетілді. Бюджет параметрлерінің осылайша жиі өзгеру себептерін жан-жақты талдап, бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығы мен сапасы бойынша бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігін бағалау қажет. Мұнымен қоса, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары өсіп келеді, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков былтыр салық бойынша жоспар неге орындалмағанын түсіндірді.
Бұдан бөлек жалпы отырыста Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы екі елдің елшіліктерінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттар мен жер учаскелерін, сондай-ақ Төтенше және Өкілетті Елшілердің резиденцияларын өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралады.
Еске салсақ, Қырғызстан жағы бұл құжатты қабылдағанын жазған едік.
Мұнымен қоса, депутаттар екінші оқылымда «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске енгізілген түзетулерді және экологиялық мәселелер бойынша заңнамалық өзгерістерді талқылайды. Құжат электронды сауданы реттеуге және шетелдік интернет-платформаларда сатып алынған тауарларды тасымалдау тәртібін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасы аясында электронды сауданы реттеуге және шетелдік интернет- платформаларда сатып алынатын тауарлардың тасымалын тәртіпке келтіруге бағытталған бірқатар жүйелі өзгеріс ұсынылған. Біріншіден, халықаралық пошта арқылы үшінші елдерден шетелдік интернет-платформалармен жеке тұлғалардың атына жіберілген тауарларды жеке санатқа жатқызу ескерілген, яғни электронды сауда тауарлары деп белгіленбек. Екіншіден, «электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіледі. Үшіншіден, кедендік декларацияның жаңа түрі — электронды сауда декларациясын енгізу қарастырылған. Электронды сауда тауарларының бүкіл көлемін декларациялау шетелдік интернет платформаларда сатып алынатын тауарлардың толық статистикасын жасауға және осы санаттағы тауарлар бойынша әкімшілендіру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Парламент Мәжілісі аталған заң жобасын 3 мамырда бірінші оқылымда мақұлдаған еді.
Заң жобасы электрондық сауда операторының тауарларды декларациялау бөлігінде халық үшін кедендік рәсімдерді оңайлатуға, электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымын қалыптастыруды қамтамасыз етуге, трансшекаралық электрондық сауда саласын ретке келтіруге және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған.