Бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады - Мәжіліс заңды қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды.

бюджет
Фото: Александр Павский/Kazinform

«2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанды. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 % деңгейінде ескерілген, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған  бюджет тапшылығын ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Заң жобасын талқылау барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізілді. Оның ішінде, халықты таза сумен қамтамасыз етуге, жылу әрі электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтер көрсетуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге арналған шығыстар қарастырылған», - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев.

Осы түзетулерді ескере отырып, бюджет шығыстарының негізгі бағыттары келесідей қалыптасты:

Бірінші бағыт – әлеуметтік саланы дамыту. Бюджет, өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді.

2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 862 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 пайызды құрайды. Бірінші басымдық – әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету.

2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған.

Екінші басымдық – білім беруді дамыту. 2025 жылы бұл бағытқа шығыстар биылғы деңгейінен 73 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгені құрайды.

«Үшінші басымдыққа тоқталсақ, халық санының өсуі мен науқастар санының артуын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту қарастырылған. Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде биылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген», - деді министр.

Сонымен қатар ол 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көлемінде жоспарланғанын айтты.

«Екінші бағыт – өңірлерді қолдау. 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома осы жылмен салыстырғанда 405 млрд теңгеге артық. Ол – бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 30 пайызын құрайды. Үшінші бағыт – экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау. 2025 жыл бұл бағыт бойынша 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту күшейтілді. Осы бағытқа 2025 жылы биылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғая отырып, 635 млрд теңге қарастырылды. Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд теңге бөлу жоспарланған, онда автожол саласын дамытуға  423 млрд теңге көзделген», - деді ведомство басшысы.

Мәди Такиевтің сөзіне қарағанда, 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. 

Соңғы жаңалықтар