Біз есірткі айналымын түп-тамырымен жоюға тырысамыз — Ауғанстан Ішкі істер министрінің орынбасары

САМАРҚАНД. KAZINFORM — Ресми Кабул елдегі есірткіге қарсы күресті күшейте түсуге ниетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Біз есірткі айналымын түп-тамырымен жоюға тырысамыз
Фото: Әлихан Асқар\Kazinform

Бұл туралы Самарқандта өтіп жатқан Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік орталығының отырысында Ауғанстан Ішкі істер министрінің орынбасары Абдурахман Мунир мәлім етті.

Біз есірткі айналымын түп-тамырымен жоюға тырысамыз
Фото: Әлихан Асқар\Kazinform

— Ауғанстан үкіметінде контрабанданың алдын алуға бағытталған жоспар бар, сәйкесінше біз оның айналымын түп-тамырымен жоюға тырысамыз. Қазірдің өзінде нәтижеге қол жеткіздік. Есірткінің аса ірі көлемі жайлы мәлімдеп жатқан мемлекеттер Ауғанстандағы жағдайдан толық хабардар емес. Егер олар нақты деректермен танысса, онда елдегі күрес шараларының қалай жүзеге асып жатқанына көз жеткізеді. Біз батыл шешімдер қабылдай отырып, алдағы уақытта жұмысты жалғастыруға мүдделіміз, — деді Абдурахман Мунир.

Ауғанстан өкілі атап өткендей, ел билігі Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен ынтымақтасуға ниетті.

Біз есірткі айналымын түп-тамырымен жоюға тырысамыз
Фото: Әлихан Асқар\Kazinform

— Біз үшін аталған орталықпен ынтымақтасу маңызды. Тиісінше, оған барлық күш-жігерімізді бағыттаймыз. Бұл елдегі есірткі өндірісі мен оның айналымын түбегейлі жоюға ықпал етеді, — деп түйіндеді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, аталған орталыққа қазіргі уақытта 7 мемлекет — Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан мүше.

Еске салсақ, осы іс-шара барысында баяндама жасаған Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Баходир Ташматов Орталық Азия арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшірілуі мүмкін.

Сондай-ақ, Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік орталығы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қытай, Азия және Еуропа елдеріне бағытталған есірткі трафигінің жолын кесу бойынша тиісті шаралар легін әзірлеп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар