Біздің ауылға қаладан көшіп келіп, кәсіп бастап жатқан адамдар бар — Гүлжан Досмағамбетова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әкімдік қызметте 10 жылдан астам тәжірибесі бар Гүлжан Досмағамбетова алғашында мұғалім болып, бала тәрбиеледі. Кейін туған жеріне оралып, ұстаздық қызметін жалғастырды. Көп этносты ауылдың әкімі қазір елдімекенге қалалықтардың да көшіп келіп жатқанын айтты. Ауылдың инфрақұрылымына қызығатындар мен мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамытуды көздейтін адамдар осы Қосестек ауылдық округін таңдайды. Kazinform тілшісі туған жерін бәрінен биік қойған Гүлжан Досмағамбетовамен сұхбаттасты.

Ауыл әкімі
Фото: үлжан Досмағамбетованың жеке мұрағатынан

— Ақтөбе жұрты, оның ішінде Қарғалы ауданы сізді жақсы таниды. Әкім боп қызмет етіп жүргеніңізге неше жыл болды? 

— Мен 2013 жылдан бері осы қызметтемін. Өзім осы ауданның, осы ауылдың тумасымын. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын бітірдім. Кейін қалада бір жыл мұғалім болып, ауданға қоныс аудардым. Онда да мектеп мұғалімі, директордың орынбасары және директоры қызметтерін атқарып, кейін ұсыныс түсті. Сол кезде Қосестік ауылының әкімі болдым. Бір жылдан соң Қарғалы аудандық білім бөліміне басшы қызметіне ауысқаныммен, 2013 жылы қайта ауылыма әкім болдым. Бұл үлкен жауапкершілік. Әрі елімізде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткенде, өз кандидатурамды ұсынып, тұрғындар қолдауына ие болдым. Мен өз жеріме, туған ауылыма қандай да пайдамды тигізсем дедім.

Гүлжан
Фото: үлжан Досмағамбетованың жеке мұрағатынан

— Ауылда қандай іс атқарылды?

— 2016 жылы ауылға газ құбыры тартылып, тұрғындарға көгілдір отын берілді. 2018 жылы орталықтандырылған су құбыры жүргізілді. Ал 2020 жылы балабақша күрделі жөндеуден өтіп, ауылдағы көшені жарықтандыру, жол салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде біздің ауылдағы 16 көше болса, оның тең жартысында асфальт бар. Тағы 4 көшенің құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжатты әзірлеп қойдық. Ауылда 2019 жылы мәдениет ошағы да салынды. Сонымен бірге әкімдік ғимараты жаңарды. Бізде спорт кешені де бой көтерді. Ауылымызда саябақ, скверіміз де бар. Балалар үшін ойын алаңы да салынды.

— Ауыл халқы немен айналысады?

— Бізде 1600-ден астам адам тұрады. Көбі балабақша, мектеп, клуб, кітапхана секілді бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Сонымен бірге кәсіпкерлік саласы да жақсы дамыған. Шағын және орта бизнесте қызмет көрсету бағыты оқ бойы озық. Қосестектіктер көлік жөндеу орны, жол бойындағы кемпинг, шаштараз, сән салонын ашып қойды. Бізде 37 шаруа қожалығы да жұмыс істеп тұр. «Ауыл аманаты» жобасы бұл бағыттағы жұмысқа үлкен серпіліс бергені анық. Барлығы 35 жоба тапсырылып, оның 30-ы мақұлданды.

үлжан Досмағамбетова
Фото: үлжан Досмағамбетованың жеке мұрағатынан

— Қосестек — көп этносты ауыл. Мұнда ұлт арасындағы татулықтың, бірліктің берік екенін көруге болады. Сыры неде?

— Шынында да бізде өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған. Тұрғындардың 50 пайызға жуығы ғана қазақ болса, өзгесі орыс, украин, неміс, башқұрттар. Қандастарымыз да осында тұрады. Сондықтан болар, аралас неке де көп. Салт-дәстүрге келер болсақ, барлық мемлекеттік, ұлттық мерекелерді тойлаймыз. Бір-бірімізді жатырқамаймыз, бауырымыздай көреміз. Ауылымыз өзі ерекше жерде орналасқан. Мына жақтан Ақтөбе қаласы жақын, екінші бөлінінде Ресей шекарасы. Сонымен бірге ауыл ішінде өзен ағып жатыр. Өзен Қарғалы су қоймасына құяды. Көктемде қауіп төндіретіні рас. Бірақ жыл сайын тасқынның алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Қосестекте бұлақ да көп. Жастармен бірге жиылып, көзін ашамыз. Халқымыз өте белсенді.

— Ауылға қызығып, көшіп келетіндер көп пе?

— Көшіп келушілер көп. Кейбірі қаладан келді. Олар бос келмей, кәсіп бастады. Көбіне мал шаруашылығы, өңдеу саласын қолға алды. Былтыр бір адам қаладан келіп, жылыжай салып жатыр.

— Жұмыс тәртібіңіз туралы айтып беріңізші… Іздеп келетіндер көп пе, әлде сіз аралап жүріп, бәрін біліп отырасыз ба?

— Мен аптасына 7 күн, әр күнде 24 сағат жұмыс істеуге әзірмін. Кез келген уақытта телефон тұтқасын көтеремін. Барлық жауапты қызметкер хабарласып, мән-жайды айтып отырады. Таңертең әкімдікке бәрінен бұрын келемін. Құжаттарды реттеп, жиын өткіземін. Ал үйде анаммен бірге тұрамын. Анам тамағымды әзірлеп, мені күтіп отырады. Бір айта кететінім, анамыз екеуіміздің хоббиіміз бар. Біз құрақ құраймыз, жақындарымызға сыйға береміз. Кешкілік құрақ көрпе тігіп жүрміз. Бұл істі 2020 жылы қолға алдық. Себебі сол жылы пандемия болып, әкем көз жұмды. Анам екеуіміз қайғыны көтеру үшін ізгі іспен айналысу керек деп шештік. Анам өзі бұрыннан тігеді, сөйтіп мені де үйретті. Оны жақындарымызға сыйлаймыз. Әсіресе қыздарға таптырмас дүние.

— Осы тұста әкімдік қызметті тастап, жаңа саланы таңдағыңыз келген кез болды ма?

— Жұмыстың жеңілі жоқ. Әкім болудың қиын тұстары да бар. Бірақ маған өз жұмысым ұнайды. Мұнда жұмыс нәтижесі көз алдыңда көрініп тұрады. Басқа жұмыстарға да шақырды. Мен өзім туған жерімде еңбек етемін деп айттым.

— Ауылда, туған жеріңізде тағы не өзгереді? Жобаларыңыз туралы айтсаңыз…

— Ауылда жарықтандыру, тасжол салу жұмысы әрі қарай жалғасады. Сонымен бірге адамдар «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, табысын арттырса деймін. Бір ғана жалақыға қарап отырған да дұрыс емес. Ал бұл жоба кәсіппен айналысуға мүмкіндік берді. Мәселен еден жуушылар 85 мың теңге жалақы алса, отбасы үшін қиын. Ал қосымша кәсіп бастаса, әлеуметтік жағдайы жақсарады. Қазір бізде құс шаруашылығы, жылыжаймен қатар дамып келеді. Биыл мал шаруашылығы бағытында 5 жоба әзірленді. Өзім ауылдың екі чатында бармын. Адамдармен тікелей сөйлесіп, кейбір сұрақты талқылап отырамын.

— Ісіңізге сәттілік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар