Аралдың құрғаған ұлтанына егілетін сексеуілдің сапасы қалай жақсартылып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасы Сыр өңірінде де жүзеге асты. Оның ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу ісі ерекше қарқынмен жүрді. Ал оның сапасы мен шығымдылығы — өз алдына бөлек әңгіме.
Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қызылорда облысының Қазалы және Арал аудандарындағы сексеуіл тәлімбақтарында теңіз ұлтанына егілетін ағаштың тұқымын фитосанитарлық сараптамадан өткізді. Институттың орман және жасыл желектерді қорғау зертханасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Гүлназ Меңдібаева Kazinform тілшісінің зерттеу нәтижесі және көшетті көктетудің, зиянкестен қорғаудың тиімді әдісі жөніндегі сұрағына жауап берді.
— Әңгімемізді әуелі сараптама қорытындысынан бастасақ. Зерттеу қалай өтті?
— Зерттеу барысында тұқымдар әртүрлі қорғаныш-ынталандырғыш препараттармен өңделді. Сыртқы қабаты дражирленді, яғни әртүрлі қоспамен қапталды. Осылайша, сауықтырудан бастап егістікке дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді қорғау жүйесі бойынша тұқым себілді. Тәжірибе жақсы нәтиже көрсетті. Өңделген тұқымның өнгіштігі, шығымдылығы және сақталу көрсеткіші әдеттегіден 30-48% жоғары болды. Тәжірибе нұсқасында ауру да, зиянкестің зақымдауы да байқалмады. Өскіндердің қолайсыз орта жағдайына төзімділігі артты. Бұл бастамамыз мемлекеттен қолдау тапса, алдағы уақытта Арал теңізінің құрғаған ұлтанын орманға айналдыру, шөлейттенген аумақты қалпына келтіру үшін сексеуіл ғана емес, сарсазан және қарабарақ тұқымдары да дәріленеді. Оларды вегетациялық кезеңде кешенді қорғау шаралары ғылыми тұрғыдан жетілдіруді қажет етеді. Ғылыми зерттеу нәтижесін өндіріске енгізу Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіріп, шөлейттенумен күресуге, сексеуіл және шөлге бейімделген басқа да өсімдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің жасыл қорын толықтыруға ықпал етеді.
— Сексеуілге қандай аурулар мен зиянкестер қауіп төндіреді?
— Зерттеу барысында қара сексеуіл тұқымына фитосараптама жүргізілді. Нәтижесінде тұқым құрамында саңырауқұлақ және бактериялық микрофлораның бары анықталды. Мұндай микроорганизмдер тұқым бөрте бастаған кезде қарқынды дамып, инфекциялық фон қалыптастырады. Соның салдарынан тұқымның көгеруі, өскіннің тамыр шірігімен, фузариозбен (Fusarium spp.), альтернариозбен (Alternaria spp.) және бактериоздармен зақымдану қаупі артады. Бұл тұқымның өнгіштігін, өну энергиясын төмендетіп, көшеттердің қалыпты дамуына кесірін тигізеді. Арал маңы аймағында сексеуілге бунақденелілер мен кеміргіштер елеулі қауіп төндіреді. Оның ішінде тамырды зақымдайтын қоңыздар, жапырақ және тұқыммен қоректенетін зиянкестер, сондай-ақ үлкен құмтышқан сияқты кеміргіштер кең таралған. Бұл организмдер тұқымның өнгіштігін төмендетіп, жас көшеттердің өсуін тежейді. Сексеуіл екпелерінің сақталуына кесірін тигізеді.
— Мұндай қауіптің алдын алу үшін қандай қорғау шаралары тиімді?
— Сексеуіл алқабын тиімді қорғау үшін тұрақты орманпатологиялық және фитосанитариялық мониторинг жүргізу қажет. Бұл зиянкестер мен ауруларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде күрес шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұқым себу алдында фунгицидтік және бактерицидтік қасиеті бар қорғаныш-ынталандырушы препараттармен өңдеу, дражирлеу технологиясын қолдану, сау тұқымдық материал пайдалану және тәлімбақтарда фитосанитариялық талаптарды сақтау маңызды. Зиянкестерге қарсы биологиялық препараттарды көбірек қолдану, қажет болған жағдайда қауіпсіз инсектицидтерді пайдалану сексеуілдің өнімділігі мен өміршеңдігін арттырады. Бұған қоса, ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы мониторинг жүргізу сексеуіл алқаптарының жай-күйін уақытылы бақылап, қорғау шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді.
— Топырақтың тұздануы сексеуілдің шығымдылығына қаншалықты әсер етеді?
— Топырақтың тұздануы қара сексеуілдің (Haloxylon aphyllum) өсіп-өнуіне және шығымдылығына айтарлықтай әсер етеді. Сексеуіл табиғатынан тұзға төзімді ксерогалофит болғанымен, топырақтағы тұз мөлшерінің шамадан тыс артуы қауіп төндіреді. Ол кезде тұқымның өнгіштігі төмендеп, көшеттердің сақталуы мен өсу қарқыны баяулайды. Өсімдіктің су мен қоректік заттарды сіңіруі қиындап, тамыр жүйесінің дамуын тежейді. Соның салдарынан биомассасы азайып, жас екпелердің өнімділігі төмендейді. Сондықтан сексеуілді ормандандыру алдында топырақтың тұздылық деңгейін міндетті түрде бағалау қажет.
Институт ғалымдары осы жағдайды ескере отырып, қорғаныш-ынталандырғыш препараттармен өңделген сексеуіл тұқымдары үшін дражирлеу технологиясын қолданды. Мұндай тұқымдар қолайсыз орта жағдайына төзімдірек болып келеді. Механикаландырылған әдіспен себуге қолайлы және топыраққа біркелкі таралады. Нәтижесінде тұқымның өнгіштігі артып, көшеттердің сақталуы мен бастапқы өсу көрсеткіші жақсарады.
— Өңделмеген тұқымдарда аурудың таралу қаупі қаншалықты?
— Фитосараптама нәтижесі өңделмеген тұқымның саңырауқұлақ және бактериялық микрофлора кешенімен залалданғанын көрсетті. Тұқым бөрткен кезде бұл микроорганизмдер қарқынды көбейеді, тұқым көгереді. Өсімдіктерге зиян келеді. Егістік сапасы нашарлап, өну энергиясы мен өнгіштігі төмендейді. Кейбір патогендер өсімдіктің физиологиялық үдерісіне теріс ықпал ететін токсиндер де бөледі. Сондықтан себу алдында тұқымды өңдеудің тиімділігі зор.
— Сексеуілдің шығымдылығына қайсысы көбірек әсер етеді: ауру ма әлде климаттық жағдай ма?
— Сексеуілдің шығымдылығына әсер ететін факторлар өзара тығыз байланысты. Дегенмен тұқымның қалыптасу кезеңінде зиянкестердің әсері айқын байқалады. Олар өсімдіктің шырынын сорып, генеративті мүшелерін зақымдап, тұқымның толық қалыптасуына кедергі келтіреді. Өсімдіктің иммунитетін әлсіретеді, салдарынан тұқым сапасы төмен болып, ауру қоздырғышын тез жұқтырады.
Климаттық жағдайдың да ролін жоққа шығармаймыз. Ұзаққа созылған құрғақшылық, жоғары температура, топырақтың тұздануы және ылғал тапшылығы сексеуілдің өсуі мен дамуын тежеп, тұқым өнімділігін төмендетеді. Осындай қолайсыз жағдайда әлсіреген өсімдіктер зиянкестердің шабуылына, ауруға тез тап болады.
— Қара сексеуіл тұқымының көктеуіне қандай факторлар әсер етеді?
— Ол бірнеше факторға байланысты. Ең алдымен, тұқымның сапасы маңызды. Толық жетілген, дұрыс жиналып, қолайлы жағдайда сақталған тұқымдардың өнгіштігі жоғары болады. Сонымен қатар топырақтағы ылғал қоры шешуші роль атқарады. Көктемгі жауын-шашыннан кейін алғашқы 10-20 күн ішінде ылғал жеткіліксіз болса, тұқымның басым бөлігі өнбей қалады немесе жас өскіндер қурап кетеді. Ауа температурасы да көп әсер етеді. Сексеуіл тұқымының көктеуіне ең қолайлы температура — 18-25°С. Бұдан бөлек топырақтың механикалық құрамы, тұздылығы, аэрациясы, себу тереңдігі және жел эрозиясы ықпал етеді.
— Институт ұсынған технологияны елімізде кеңінен енгізу жоспарда бар ма?
— Ғылыми мекеме ретінде біздің негізгі міндетіміз — зерттеу нәтижесін өндіріске ұсынып, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу. Бұл бағытта ғылым мен өндірістің өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі аса маңызды. Біз өңірлік гранттар мен мемлекеттік тапсырыстар аясында ғылыми сүйемелдеуді жүзеге асырып, технологияларды нақты өндірістік жағдайда енгізуге және олардың тиімділігін бағалауға дайынбыз.
Еске салайық, 2021-2025 жылдары еліміз бойынша 1 млн 90 мың гектар жерге сексеуіл егілсе, оның 432 мың 500 гектары — Сыр өңірінің үлесінде.