БЖЗҚ-ның Air Astana-ға ақша салғаны қате болды ма – Ұлттық банк жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын Air Astana-ға салуды нәтижесі туралы пікір білдірді.

- БЖЗҚ ақшасының бір бөлігін Air Astana акциясына инвестицияланған едіңіздер. Қазір бұл компанияның акциялары түсіп кетті. Осы инвестицияның сәтсіз болғанын мойындайсыздар ма, - деп сұрады журналист Сенатта өткен дөңгелек үстелден кейін.
Нұржан Тұрсынханов инвестицияның табыстылығы ұзақ мерзімде айқындалатынын алға тартты.
- Инвестициялық қызметті нақты бір қаржы құралымен ғана өлшеуге болмайды. Өз сәтінде табысты құралдар да, табысы азырақ құралдарда болады. Бұл жұмысты белгілі кезеңде және портфельдер жиынтығында қарау керек. Иә, Air Astana-ға инвестиция салғанбыз. Ол инвестиция акцияға салынды. Ал акциялардың өзі құбылып тұратынын түсіну керек. Бәріміз Air Astana-ның қызметін тұтынып жүрміз, таныспыз. Компания табысты жұмыс істеп келе жатқанын көріп отырмыз. Иә, акциясының құбылатын кезеңдері бар, - деді ол.
Нұржан Тұрсынханов аталған инвестиция ұзақ мерзімді екенін еске салды.
- Жалпы инвестициялар портфелін алып қарасақ, үлесі 0,1 пайыз ғана шығар. Сондықтан нақты бір құралдың белгілі бір уақытта құлдырап кеткеніне қарап инвестицияның қаншалықты сәтті не сәтсіз болғанын бағалауға болмайды. Мен жалпы портфельді бағалай аламын. Жалпы портфель айтарлықтай табысты, - деді Ұлттық банк өкілі.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде БЖЗҚ-дағы қаржысы азайып қалғанына жиі шағымданатын салымшылар туралы пікір білдірген еді.
Биыл банктерге БЖЗҚ-дан қанша ақша берілетіні туралы да жазған едік.