Президент тапсырмасы: БЖЗҚ ақшасы қандай жобаларға тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтты.

 БЖЗҚ ақшасы қандай жобаларға тартылады
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- 2024-25 жылдарға БЖЗҚ-дан 2 трлн теңге дейін алу туралы шек қойылған. Бұл – БЖЗҚ-ның экономиканы кредиттеудегі инвестициялық мүмкіндігі. Әңгіме «Бәйтерек», «Самұрық Қазына» сияқты компаниялардың, екінші деңгейлі банктердің борыш құралдары туралы болып отыр. Бұл ақшалар экономиканың салаларын әртараптандыру, импортты алмастыру, қазақстандық мазмұнды арттыру сияқты шаралар тікелей бағытталады. Ақша (қарыз ретінде) нарықтағы мөлшерлемелер бөлінеді. Яғни, бұл болашақ зейнеткерлердің есебінен қандай да бір жеңілдіктер беріледі деген сөз емес, – деді ол.

Айтуынша, бұл ұзақ мерзімге берілетін борыштар болмақ.

- Біздің экономикамызда ондай ұзақ мерзімді ақшаны дәл осы БЖЗҚ бөліп, инвестициялай алады. Қазірдің өзінде «Бәйтеректің» облигацияларын инвестициялауға, көлік саласындағы жобаларды іске асыруға 173 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенінің жобаларына 213 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Үкіметте энергетика саласындағы түрлі жобалар жоғары деңгейде пысықталып жатыр. Облигацияларды сатып алу көзінің бірі БЖЗҚ болуы мүмкін. Банктердің инвестициялық жобаларын іске асыру үшін де облигациялар сатып алынады, - деді Ақылжан Баймағамбетов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ұлттық банк өкілі атаған жобалардың ішінде АЭС салу жоқ екенін мәлім етті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Үкіметке БЖЗҚ-дан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны белсенді тартуға болады деген нұсқау берді. 

Соңғы жаңалықтар