Президент: БЖЗҚ-дан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны белсенді тартуға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты секторды кредиттеудің мәселелеріне тоқталды.

— Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек, — деді Президент.
Мемлекет басшысы БЖЗҚ қаржысын стратегиялық жобаларға тарту туралы да пікір білдірді.
— Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Іс-шараны ашқан Президент Үкімет пен әкімдер жұмысының тиімділігі азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағаланатын айтты.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға тарту туралы пікір білдірді.