C919 алғашқы халықаралық рейсін орындауға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық C919 жолаушы ұшағы алғаш рет халықаралық жолаушы рейсін орындамақ. 12 тамызда ұшақ Бейжің–Ұланбатыр бағытында ұшады, деп хабарлайды сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы.
Басылымның мәліметінше, бұл – C919 ұшағы үшін алғашқы тұрақты халықаралық жолаушы рейсі. Рейстерді Air China әуе компаниясы орындайды.
Кестеге сәйкес, CA723 рейсі Бейжің уақытымен сағат 15:00-де Бейжің халықаралық әуежайынан ұшып, жергілікті уақыт бойынша 17:15-те Ұланбатырдағы Шыңғысхан әуежайына қонады. Кері бағыттағы CA724 рейсі жергілікті уақытпен 18:30-да Ұланбатырдан көтеріліп, Бейжің уақытымен 20:35-те Қытай астанасына жетеді.
Басылымның дерегінше, Бейжің–Ұланбатыр әуе бағытының тарихы 1958 жылдан басталады. Қазіргі уақытта бұл бағытты Air China мен Моңғолия азаматтық авиациясы бірлесіп пайдаланады. Бұған дейін, 2025 жылыдың шілде айынан бері, Air China компаниясы қытайлық C909 өңірлік жолаушы ұшағымен Хух-Хото – Ұланбатыр халықаралық бағыты бойынша рейстерді іске асырып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Ұланбатыр бағытының ашылуы C919 ұшағының коммерциялық географиясын Қытайдың ішкі және өңірлік бағыттарынан халықаралық нарыққа кеңейтуге жол ашатын маңызды қадам болмақ.
Қытайлық C919 ұшағы бұған дейін тек ішкі және өңірлік бағыттарда ғана пайдаланылып келген. 2025 жылғы 1 қаңтарда China Eastern Airlines компаниясы алғаш рет C919 ұшағымен Шанхай–Гонконг тұрақты рейсін орындады. Сол жылдың қарашасында Air China да Бейжің – Гонконг бағытында C919 ұшағын тұрақты түрде қолдана бастады.
Air China алғашқы C919 ұшағын 2024 жылы тамызда қабылдаған. Қазіргі уақытта компания паркінде олардың саны 12-ге жетіп, ұшу географиясын бір жарым жылдың ішінде Қытайдың оннан астам қаласына кеңейді.
Басылымның жазуынша, C919 – халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген, орта және қысқа қашықтыққа арналған алғашқы қытайлық магистральдық жолаушы ұшағы. Ол 2023 жылдың мамырында алғашқы коммерциялық жолаушы рейсін орындады. 2026 жылы сәуір айының соңына дейін C919 ұшақтары 42 мыңнан астам коммерциялық жолаушы рейсін жүзеге асырып үлгерді.
Бұған дейін Air China компаниясы Бейжің мен Бішкек арасында тікелей тұрақты әуе қатынасын ашқанын хабарлаған болатынбыз.