Чарльстон турнирі: Путинцева екінші айналымда әлемнің 5-ракеткасымен ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 72-ракеткасы Юлия Путинцева Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 105-орындағы жаңазеландиялық Лулу Сунмен өткізді.

Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешілді. Өзі доп берген мезетте Сун сетболды пайдалана алмады – 6:7 (6:8).

Екінші сетте Путинцева 2:0 есебімен алға шыққанымен, жаңазеландиялық теннисші таразы басын теңестірді. Дегенмен Юлия матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 54 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 5 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Л.Сун 1 эйс, 1 брейкпен (10 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің бесінші, осы жарыстың 1-ракеткасы және өткен жылғы жеңімпазы, америкалық Джессика Пегуламен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстон турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Мароккода негізгі жарысқа жолдама алды.