«Чех әуежелілері» компаниясы Астана - Прага - Астана бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашады

СТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Чех әуежелілері» компаниясы Астана - Прага - Астана бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашады.

«Чех әуежелілері» компаниясы Астана - Прага - Астана бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашады

Маусымның 2-сінен бастап Аэробус 319 лайнері Астанадан аптасына екі рет ұшырылатын болады. Бұл туралы кеше кешке «Чех әуежелілері» компаниясының Қазақстандағы агенті болып табылатын «Travelsystem» офисінің бас директоры Йозеф Вашичек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Й. Вашичектің айтуынша, Чехия Шенген аумағына жататындықтан, қазақстандықтар Прага қаласынан басқа да Еуропаның қалаларына еркін өте алады. Аэробус 319 лайнерінде еуропалық стандарттарға сай бизнес және эконом санатына жататын кластар бар. Астана мен Прага арасында ұшу уақыты 6 сағат.

Әуе рейстің ашылуына орай ұйымдастырылған шарада Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бедржих Копецки, өзінің құттықтау лебіздерін білдіре отырып, «Астана - Прага - Астана» әуе қатынасы Чехия-Қазақстан арасындағы туристік және іскерлік байланыстардың күшеюіне жол ашатынындығын жеткізді.

«Астана - Прага - Астана» бағытындағы рейс екі елдің барыс-келісін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Қазақстан мен Еуропалық Одақ қарым-қатынасына едәуір оң ықпалын тигізеді», деді Елші.

Компания әлемдік нарықта 1923 жылдан бері, ал Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Сол жылы «Алматы - Прага - Алматы» бағытындағы рейс ашылған болатын. Екі жыл уақыт аралығында Алматыдағы рейспен 25 мыңнан астам қазақстандық Чех Республикасына және ары қарай Еуропаға сапар жасаған.