Чехия 2050 жылға дейін 6 шағын ядролық реактор орнатуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Чехияның жартылай мемлекеттік энергетикалық компаниясы CEZ мен британиялық Rolls-Royce SMR жаңа реакторларды әзірлеу және салу туралы келісімдерге қол қойды. Темелинда алғашқы сынақ шағын атом электр стансасы жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform BILD басылымына сілтеме жасап.

Чехия 2050 жылға дейін 6 шағын ядролық реактор орнатуды жоспарлап отыр
Фото: шағын атом электр станциясының визуализациясы (CEZ-Gruppe)

BILD басылымының хабарлауынша, Rolls-Royce компаниясы ядролық реакторлар мен суасты қайықтарына арналған қозғалтқыш жүйелерін әзірлеу саласында мол тәжірибеге ие. CEZ компаниясы 2050 жылға дейін көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының орнына 6 шағын ядролық реактор орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның мақсаты – энергия көздерін жаңғыртып, экологиялық таза өндірісті дамыту.

Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрі Карел Хавличек Прагада Ұлыбританияның Экономика министрі Питер Кайлмен кездескеннен кейін еуропалық нарыққа бірлесіп шығу ниетін жариялағаны атап өтілді. Бұл басқа жерде шағын атом электр станцияларын салуға жол ашуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Чехияда дизель отынының бағасы кейінгі 4 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткенін жазғанбыз.