Чехия ЭКСПО-2017 қалашығына темiржол салып бермек

«Құрылыс компанияларының бiрi сiздерге әуежай мен қала орталығына қатынайтын және тек бiр аялдамаға тоқтайтын темiржол қатынасын салып беруге құлықты. Қандай аялдама дейсiздер ғой, ол - ЭКСПО-2017 қалашығы. 2017 жылы мен Астанадағы ЭКСПО көрмесiне келгенде әуежайдан осы метро арқылы жүретiн де шығармын. Неге болмасқа?!», - дедi Чехия президентi.
М. Земанның айтуынша, бизнес-форум аясында келiсiмшарттарға қол қойып, инвестиция салуға ниеттi компаниялардың тiзiмi жасалған. Оның iшiнде құрылыс саласында көп жылдық тәжiрибе жинақтаған iрi құрылыс компаниялары да бар. Жалпы форум аясында құны 500 млн. долларға келiсiмшарт жасалады деп күтiлуде.
Айта кетейiк, елiмiзге Чехия Республикасының Президенті М. Земан мемлекеттiк сапармен келген болатын. Осыған орай Астанада Қазақстан-Чехия бизнес-форумы өтуде. Бұл шараға энергетика, медицина, машина жасау, химия өнеркәсiбi және басқа салаларда жұмыс жасайтын 70-ке тарта чехиялық компания қатысуда. Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымының көлемi тұрақты өсiп келе жатқандығымен ерекшеленедi. Айталық, 2009-2013 жылдар аралығындағы кезеңде ол 206,6 млн теңгеден 1,022 млрд. долларға дейiн өстi. Қазақстан Чехияға мұнай-газ және химия өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн экспорттауда. Өз кезегiнде Чехиядан Қазақстанға жасалатын импорт құрал-жабдық, фармацевтиканы және халық тұтынатын тауарларды құрайды.