Чехияда дизель отынының бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Чехияда дизель отынының бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы ČTK ақпарат агенттігі хабарлады.
Республикадағы жанармай құю бекеттерінде дизель отынының бір литрі орта есеппен 48,39 кронаға бағаланып отыр. Бұл шамамен 2 еуроға жуық.
Сондай-ақ бензин бағасы да соңғы 3,5 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.
Natural 95 маркалы бензиннің бір литрі жанармай құю станцияларында орта есеппен 41,63 кронаға, яғни шамамен 1,7 еуроға сатылып жатыр.
Автокөлік отыны бағасының өсуін тежеу мақсатында Чехия үкіметі жанармай сататын компаниялардың үстеме пайдасын шектеу және дизель отынына салынатын акциз салығын төмендету туралы шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, республика Қаржы министрлігі елдегі жанармай құю бекеттерінде автокөлік отынына рұқсат етілген ең жоғары бағаны күн сайын белгілеп отырмақ.
Айта кетейік, авиациялық жанармай тапшылығына байланысты Азия әуе компаниялары рейстерін қысқартып жатыр. Әуе компанияларын мұндай жағдайға Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жеткізіп отыр.