Чехияда Стоунхенджден мың жыл бұрын салынған көне құрылыс табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Археологтар Чехияның Хлебы елді мекені маңынан жасы 6500 жылдан асатын алып дөңгелек құрылыс тапты. Ол әйгілі Стоунхенджден шамамен мың жыл бұрын салынған, деп хабарлайды BILD.
Диаметрі шамамен 230 метр болатын кешен Орталық Чехия өлкесінде орналасқан және Орталық Еуропадағы осы типтегі ең көне құрылыстардың бірі саналады.
Құрылыстың жер бетіндегі бөлігі сақталмаған. Алайда зерттеушілер тереңдігі 2,5 метрден асатын ордың іздерін және орталыққа апаратын 12 кіреберісті анықтады. Қазба жұмыстарының жетекшісі Петр Криштуфтың айтуынша, олардың орналасуы кездейсоқ емес және Күн мен Айдың қозғалысын бақылаумен байланысты болған.
Кіреберістердің бір бөлігі жазғы және қысқы күн тоқырауы кезінде Күннің шығуы мен бату нүктелеріне бағытталған. Қалғандары шамамен әр 18 жыл сайын қайталанатын Айдың шеткі орналасу нүктелеріне сәйкес келеді.
– Дәл осындай қағиданы Стоунхендждің негізгі осінен де көреміз. Енді бұл құрылыстың да соған ұқсас тәсілмен жобаланғанын байқап отырмыз, – деді Криштуф.
Кешеннің діни маңызы да болған болуы мүмкін. Археологтар ордың ішінен жануарлардың сүйектерін, соның ішінде бұқалардың бас сүйектері мен мүйіздерін тапқан. Олар әсіресе кіреберістердің маңынан көп табылған.
Зерттеушілер бұқа мүйіздері қақпаларды безендіру үшін пайдаланылған болуы мүмкін деп болжайды. Ал бұқа Еуропадағы алғашқы егіншілік қауымдары үшін күш пен құнарлылықтың символы болған.
Айта кетейік, Польшада балмұздақ сатылған дәмхана астынан 900 жыл бұрынғы шіркеудің қалдықтары табылды.
Ал Мысырда 2500 жыл бұрынғы ғибадатхананың қалдықтары табылды.