Чехтардың энергия үнемдеу технологиялары Қазақстанда пайдаланылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан-Чехия энергетикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференция жұмысын ашқан еліміздің Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Қазақстанда энергия өндіретін ошақтардың басым бөлігі, яғни 73,2 пайызы қатты отынды пайдаланатындығын атап өтті.
«Біз 18,4 пайыз газ, 8,1 пайыз су электр стансасын және 0,3 пайыз жаңаратын энергия көздерін пайдаланамыз. Электр энергиясы бүгінгі күні 76 электр стансасында өндіріледі. Ал біздің электр станларымыздың жалпы жиынтық қуаты 21,3 гега/ватты құрайды», - деді Жақсалиев.
Шара барысында Чех Республикасының ең алдыңғы қатарлы энергия үнемдейтін технологиялары мен жетістіктері және тәжірибелері таныстырылды. Олар алдағы уақытта Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту барысында кәдеге жарауы мүмкін.
Конференция жұмысына 30-дан астам чех компанияларының, қаржы институттарының басшылары қатысты. Олар Қазақстанның энергетика және тау-кен өнеркәсібі саласында қазақстандық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуге мүдделік танытып отыр. Чех делегациясын аталған елдің Өнеркәсіп және сауда министрі Ян Младек бастап келді.