Чек болмаса да ақшаңызды қайтара аласыз — заңгер кеңесі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда сауда-саттықтың түрі көбейіп, онлайн тапсырыс беру қалыпты жағдайға айналды. Ал интернет арқылы тапсырыс берген тауар мүлде суреттегідей болмай шығуы мүмкін.

Чек болмаса да ақшаңызды қайтара аласыз — заңгер кеңесі
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Көпшілік сапасыз тауарға тап болғанымен, өз құқығын қорғарда қиналып жатады. Бірі заңды, енді бірі қайда жүгінерін білмейді. Тұтынушы қандай жағдайда ақшасын қайтара алады? Қандай тауар қайтарылады, қайсысын қайтару мүмкін емес? Дауды сотқа жеткізбей шешуге бола ма? Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик айтып берді.

— Ольга Николаевна, ең алдымен сатып алушының негізгі құқықтарына тоқталып өтсеңіз.

— Қазақстанда тұтынушылардың құқығы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңмен реттеледі. Бұл заң әр азаматтың мүддесін қорғауға бағытталған. Ең бастысы, әр адам тауарды немесе қызметті еркін таңдауға құқылы. Сонымен қатар сатып алушы сатушы туралы, тауардың сапасы, құрамы, жарамдылық мерзімі жөнінде толық әрі нақты ақпарат алуы керек.

Тұтынушы тауардың қауіпсіз болуын талап ете алады. Яғни сатып алынған зат адамның денсаулығына, өміріне немесе мүлкіне зиян келтірмеуі тиіс. Бұдан бөлек, сатып алушы тауардың сапасын, салмағын, көлемін, толық екенін тексеруге құқылы.
Егер тауар сапасыз болып шықса немесе ақауы анықталса, тұтынушы оны айырбастауға, ақшасын қайтарып алуға немесе келтірілген шығынды өндіріп алуға құқы бар.

— Қандай жағдайда тауарды қайтаруға немесе айырбастауға болады?

— Егер тауар сапалы болса, бірақ қандай да бір себеппен ұнамаса, мысалы өлшемі, түсі, пішіні сәйкес келмесе, сатып алушы оны 14 күн ішінде айырбастай алады. Әрине, тауар қолданылмаған болуы керек және бастапқы қалпы сақталуы тиіс.

Ал егер тауар сапасыз болса, онда мәселе басқаша қаралады. Мысалы, тауардың жарамдылық мерзімі болса, тұтынушы сол мерзім ішінде шағым түсіре алады. Ал кепілдік мерзімі берілген тауарларда талап кепілдік уақыты аяқталғанға дейін қойылады. Кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген күннен бастап есептеледі.

— Ал егер жарамдылық немесе кепілдік мерзімі көрсетілмесе ше?

— Мұндай жағдайда тұтынушы заң бойынша екі жыл ішінде шағым түсіре алады. Кей жағдайда тауардың нақты шығарылған күні емес, тек айы немесе жылы ғана жазылады. Ондайда заң бойынша айдың соңғы күні немесе жылдың соңғы күні есепке алынады.

— Кейде сатушылар тауарды қабылдамай, ақшаны қайтарудан бас тартады. Мұндайда не істеу керек?

— Ең алдымен жазбаша талап-арыз дайындау қажет. Онда тауар қашан және қайдан алынғаны, қандай ақау анықталғаны және тұтынушының талабы нақты көрсетілуі тиіс. Егер сатушы арызды қабылдамаса, оны тапсырыс хат арқылы жіберген дұрыс. Хаттың жеткізілгені туралы хабарлама сақталуы керек. Ал мәселе шешілмесе, уәкілетті органға жүгінуге болады.

— Талап-арызды қалай дұрыс жазған жөн?

— Құжатта сатушы мен сатып алушының деректері, байланыс нөмірлері көрсетілуі керек. Сондай-ақ мәселенің мәні нақты әрі түсінікті жазылуы қажет. Талапты анық көрсету маңызды. Мысалы, тұтынушы ақшаны қайтаруды талап ете ме, тауарды ауыстырғысы келе ме, әлде жөндеуді сұрай ма — мұның бәрі нақты жазылуы тиіс. Соңында күні мен қолы қойылады.

— Тауарды қайтару үшін чектің болуы міндетті ме?

— Әрине, чек болғаны жақсы. Бірақ ол жоғалса немесе сатушы бермесе, тұтынушы өз құқығын қорғай алмайды деген сөз емес. Заң бойынша сатып алушы куәгерлердің сөзіне, фото-видео материалдарға немесе басқа да дәлелдерге сүйене алады. Сондықтан чек жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайды.

— Қазір интернет арқылы сауда жасау көбейді. Онлайн сатып алуда нені ескеру керек?

— Интернет арқылы алынған тауарларда да тұтынушының құқығы толық сақталады. Мұндай жағдайда кепілдік мерзімі тауар сатып алушының қолына тиген күннен бастап есептеледі. Егер тауарды арнайы орнату немесе жинау қажет болса, онда мерзім сол жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады.

Кейде сатушының кінәсінен тұтынушы тауарды пайдалана алмай жатады. Мысалы, жиынтық толық болмауы мүмкін немесе орнатуға қажетті бөлшектер жетіспейді. Мұндай жағдайда кепілдік мерзімі мәселе шешілгенге дейін тоқтатылады.

— Қайтаруға болмайтын тауарлар бар ма?

— Ия, Заң бойынша кейбір тауарлар айырбастауға немесе қайтаруға жатпайды. Олардың қатарында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, іш киімдер, шұлықтар, жануарлар мен өсімдіктер бар. Сонымен қатар метрлеп өлшеп сатылатын маталар, линолеум, кабельдер секілді тауарлар да қайтарылмайды. Ұялы телефондарға арналған абоненттік құрылғылар да осы тізімге кіреді.

— Тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына қашан жүгінген дұрыс?

— Егер тұтынушы сатушыға талап-арыз жолдап, бірақ жауап ала алмаса немесе мәселе шешілмесе, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгінуге болады. Әдетте мұндай мекемелер дауды сотқа жеткізбей шешуге көмектеседі.

Егер мәселе келісіммен шешілмесе, сатушы ақшаны қайтарудан немесе тауарды айырбастаудан бас тартса, онда сотқа жүгінуге тура келеді. Мысалы, сапасыз тауар үшін төлем қайтарылмаса немесе қызмет тиісті деңгейде көрсетілмесе, тұтынушы өз құқығын сот арқылы қорғай алады.

Бұған дейін әлеуметтік желідегі жауапкершілік туралы заңгер кеңесін жазған едік.