Челябинск форумы: СҚО - Омбы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді
Солтүстік Қазақстан облысы ресейлік өңірлермен, соның ішінде Омбы облысымен ынтымақтастықты белсенді дамытуда.
«2017 жылдың сегіз айында Ресей Федерациясымен жасалған облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға өсті. Бірлескен кәсіпорындардың саны жыл сайын артып келеді. Бес жылда олардың саны 40%-ға көбейді. Бүгінде олар бюджетке 20 млрд теңгеден астам салық төледі», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Омбы облысының губернаторы тілшілерге мәлім еткендей, бүгінде Қазақстанның солтүстік өңірлерімен сауда айналымының көлемі айтарлықтай ауқымды - 240 млн АҚШ доллар. Олардың басым бөлігін машина құрастыру және агроөнеркәсіп кешендерінің өнімдері құрайды. Онымен бір мезгілде, Бурковтың айтуынша, өзара инвестициялардың үлесі өте төмен болып қалуда.
«Бүгін біз Солтүстік Қазақстан облысымен қосымша келісімге қол қойып, әр бағыт бойынша бағдарлама қабылдадық. Оның ішінде агроөнеркәсіптік бизнес, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп салалары бар. 2017-2020 жылдарға есептелген құжатты екінші тараппен мұқият әзірледік», - деп жеткізді Александр Бурков.
Айта кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысу үшін Челябинск қаласына келді .
Сапар аясында Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.