Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін «Реал Мадрид» командасын қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі екінші турындағы қазақстандық «Қайрат» (Алматы) және Испанияның «Реал Мадрид» (Испания) командалары арасындағы кездесуде қай елдің төрешілері қызмет атқаратыны белгілі болды. 

«Қайрат» футбол клубы
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Кездесу 30 қыркүйек күні сағат 21:45–те Алматыдағы Орталық стадионда басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бас төреші міндеті италиялық Марко Гуидаға жүктеліп отыр. Оған Джорджио Перетти мен Джузеппе Перротти көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Симоне Соцца.

Қазірге дейін алматылық клуб бірінші турда Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) командасына 1:4 есебімен есе жіберді.

Енді олар беделді турнирде «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.

Еліміздің атынан турнирде алматылық «Қайрат» сынға түсіп жатыр. Қазақстандық команда доп додасында барлығы 8 ойын өткізеді. Оның 4-еуі өз алаңында болса, 4-еуі сырт алаңға жоспарланған.

Негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында болады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 финал 10-11 наурыз, ¼ финал 7-8 сәуір, ½ финал 28-29 сәуір, финал 30 мамырға белгіленген.

Алматылық футболшылар турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын қапы қалдырып кетті. Ал плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасын (0:0, 0:0, пенальтиден 3:2) жеңіп, негізгі кезеңге жолдама алған еді.

Соңғы жаңалықтар