Чемпиондар лигасы: «Қайрат» командасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» командасының UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы анықталды.

Жарыстың аталған сатысында қазақстандық клуб «Слован» (Словакия) — «Зриньски» (Босния және Герцоговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Алдымен олар Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде 22 және 29 шілде күндері Финляндияның «КуПС» командасымен ойнайды.
Айта кетсек, алматылық команда Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0) клубын қапы қалдырып кетті.
Алматылық клуб еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді. Дегенмен соңғы екі жылда бақ сынаған жоқ. 2022/23 жылғы маусымда Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде
Венгрияның «Кишварда» (0:1, 0:1) командасынан екі мәрте жеңіліп қалды.
Ал алматылық клуб Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде қарсыласына жол берген жағдайда Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алады. Олардың аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал қарсыластары белгілі болды.
«Риека» (Хорватия) — «Лудогорец» (Болгария) жұбының жеңілген командасы
РФС (Латвия) — «Мальмё» (Швеция) жұбының жеңілген командасы
«Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) — «Црвена Звезда» (Сербия) жұбының жеңілген командасы