Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңында «Пафоспен» тең ойнады
АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі үшінші турда «Қайрат» пен «Пафос» (Кипр) кездесуі аяқталды.

Командалар бұл турнирде биыл алғаш рет қатысып отыр. Дегенмен алғашқы екі турда олар қарсыластарына есе жіберді. Сондықтан ойын барысында екеуі жеңіске күш салатыны анық еді.
Алғашқы минуттан жылдам гол соғуға тырысқан алматылық клуб шабуылға көңіл бөлді. Осындай сәттердің бірінде кипрлік клубтан Жоау Коррея «Қайрат» қорғаушысы Луиш Матаға қарсы дөрекі қимыл көрсетті. Оны англиялық төреші Крис Кавана небәрі 4-минутта бірден алаңнан қуды.

Жасыл алаңда он ойыншымен қалған «Пафос» ендігі кезекте негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Қазақстандық команда шабуылға шыққанымен лайықты тойтарыс берді. Нәтижесінде бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де алматылық клуб гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Десе де одан кейін кипрлік футболшылардың белсенділігі байқалды. Бұл сәтте Темірлан Анарбеков өз қақапасын голдан аман алып қалды.

Осылайша командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Енді алматылық клуб алдағы ойынын 5 қарашада сырт алаңда Италияның «Интер» командасына қарсы өткізеді.

Алматылық футболшылар турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын қапы қалдырып кетті. Ал плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасын (0:0, 0:0, пенальтиден 3:2) жеңіп, негізгі кезеңге жолдама алған еді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде Португалияның «Спортинг» (1:4) және Испанияның «Реал Мадрид» (0:5) командаларынан жеңіліп қалды.
