Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңындағы екі ойынды Астанада өткізуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде өз алаңында өтетін екі ойынын өзге қалаға ауыстыру мүмкіндігін қарастырады.

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңындағы ойындарды Астанада өткізуі мүмкін
Фото: instagram.com/f.c.kairat

Бұл жөнінде алматылық клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Нұрсұлтан Құрманның подкастында айтып берді.

Оның айтуынша, клуб желтоқсан және қаңтар айында өтетін екі ойынын Астана қаласында өткізу жөнінде UEFA -ға ұсыныс жолдаған. 

— Қазір оған қатысты жауап күтіп отырмыз. Себебі қарапайым. Желтоқсан мен қаңтарда Алматыда өте суық ауа райы тіркеледі, жасыл алаң да оған дайын болмайды. Біз осындай ұсынысымызды жеткіздік. Егер ауа райы қалыпты жағдайда болса, Алматыда өткізу мүмкіндігін қарастырамыз, - деді Қ.Боранбаев.

UEFA рұқсат берген жағдайда алматылық клуб өз алаңындағы ойындарында қарсыластарын «Астана Аренада» қабылдайды. Алдымен 9 желтоқсанда грекиялық «Олимпиакоспен» кездессе, одан кейін 20 қаңтарда бельгиялық «Брюггемен» ойнайды.

Қазірге дейін «Қайрат» өз алаңында Испанияның «Реал Мадрид» клубына 0:5 есебімен жол берсе, тағы бір кездесуде Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Ал сырт алаңда Португалияның «Спортингіне» 1:4 есебімен жол берді.

Сондай-ақ олар 5 желтоқсанда сырт алаңда Италияның «Интерімен» жасыл алаңға шықса, 28 қаңтарда Англияның «Арсеналымен» шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар