Чемпиондар лигасы: «Селтик» пен «Қайрат» кездесуі қашан басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде алматылық «Қайрат» пен Шотландияның «Селтик» командасы арасындағы кездесудің қашан басталатыны белгілі болды.

Бұл кездесу 20 тамыздан 21-не қараған түні сағат 00:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Алматылық футболшылар аталған турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) қапы қалдырып кетті.
Ал «Селтик» еурододадағы алғашқы ойынын плей-офф кезеңінен бастайды.
Шотландиялық клуб 1887 жылы құрылған. Содан бергі кезеңде өз елінде 55 мәрте чемпион атанып, 42 мәрте Шотландия кубогына ие болды. 1967 жылы Еуропа чемпиондар кубогын төбесіне көтерді.
Қазірге дейін еурокубок ойындарында қазақстандық клубтармен үш мәрте жолы түйісті.
Алдымен 2013 жылы Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде қарағандылық «Шахтерді» (0:2, 3:0) орта жолда қалдырып, топтық кезеңге жолдама алды.
Ал елордалық «Астананы»2016 жылы Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде (1:1, 2:1), 2017 жылы плей-офф кезеңінде (5:0, 3:4) есебімен қапы қалдырды.
Қазірге дейін алматылық клуб Чемпиондар лигасында үшінші мәрте бақ сынайды. Алғашқы екеуінде бірінші және екінші кезеңінде жарысты аяқтады.
Ал Еуропа лигасында 10 мәрте бақ сынап, 2016 жылы плей-офф сатысына дейін жетті.
Сондай-ақ екі мәрте Конференция лигасында сынға түскен олар 2021 жылы топтық кезеңде ел намысын қорғады.