Чикунгунья індеті: Қытайда сырқаттанудың жаңа жағдайлары азайып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Қытайдағы Гуандун провинциясының Фошань қаласында чикунгунья безгегімен сырқаттанудың жаңа жағдайларының саны бірқатар алдын алу шараларының арқасында азайған, деп жазады Синьхуа.

Қала әкімінің орынбасары Вэнь Си баспасөз мәслихатында мәлімдегендей, соңғы бес күн ішінде тәулігіне 200-ден аз жаңа жағдай тіркелген. Бұл індеттің ерте кезеңде тиімді түрде тежеліп жатқанын көрсетеді.
Оның айтуынша, ауыр жағдайлар мен өлім-жітім тіркелмеген, ал науқастардың 90 пайыздан астамы сауығып кеткен.
Соңғы уақытта негізгі күш науқастарды емдеуге, масалармен күреске және қоршаған ортаны тазартуға бағытталған. Нақты қолға алынған шаралар қатарында — масалардың өсіп-өнетін жерлерін жою, тұрып қалған суларды құрғату және ересек масаларды улау бар. Ауру көп тіркелген ауылдар мен аудандарда дезинфекция жұмыстары жүргізілген.
Дегенмен, билік өкілдері қауіп әлі де бар екенін ескертеді. Жыл сайынғы су тасқыны кезеңіндегі нөсер жауын мен тайфундар масалардың белсенділігін арттырып, вирус таралу қаупін күшейтуі мүмкін.
— Біз қол жеткізген нәтижелерді бекіту үшін қоғамдық денсаулық сақтау науқандарын жалғастырамыз, масалардың көбею орындарын жоямыз және күресті күшейтеміз, — деді Вэнь Си.
Чикунгунья безгегі — бұл жедел вирустық жұқпалы ауру, ол қызба, бөртпе және буын ауруларымен сипатталады. Вирус адамға зақымданған масаның шағуы арқылы жұғады.
Осыған дейін хабарланғандай, Қытайдың оңтүстігінде мыңдаған адам чикунгунья вирусын жұқтырды.