Чилидегі қарттар үйіндегі өрттен 16 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Чилидің оңтүстігіндегі қарттар үйінде өрт шығып, кемінде 16 адам қаза тапты. Оқиға жұма күні кешке болған, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

Чилидегі қарттар үйіндегі өрттен 16 адам қаза тапты
Фото: Анадолу

Өрт 12 қыркүйекке қараған түні жергілікті уақытпен шамамен сағат 22:30-да қарттар үйінен шыққан. Полиция қызметкерінің айтуынша, ғимаратта тұратын адамдардың тек 10-ы ғана қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Қалған 16 адам қаза тапқан.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері мен медициналық бригадалар, сондай-ақ көршілес коммуналардың қызметтері жіберілген. Өрт сөндірушілер мен медицина мамандары зардап шеккендерге көмек көрсетіп, оларды ауруханаларға жеткізген.

Өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері және жергілікті муниципалитет мамандары таңға дейін оқиға орнында жұмыс істеп, үйінділерді тазалаған және аумақты қоршауға алған.

Қазір өрттің шығу себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Филиппин жағалау күзеті MV June Aster жолаушылар паромындағы өрттен қаза тапқандар саны 76 адамға жеткенін хабарлаған. Тағы 13 адам із-түзсіз жоғалған.

Сондай-ақ биыл қаңтар айында Чилидің оңтүстігіндегі екі өңірде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.