Чилидің оңтүстігіндегі екі өңірде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Чили президенті Габриэль Борич елдің оңтүстігіндегі екі өңірде орман өрттерінің өршуіне байланысты төтенше жағдай режимін енгізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Азертадж.

Чилидің оңтүстігіндегі екі өңірде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды
Фото: Азертадж

Табиғи апат салдарынан кемінде 18 адам қаза тауып, кем дегенде 20 мың адам эвакуацияланды, 250 тұрғын үй қираған.

Чилидің орман шаруашылығы агенттігі CONAF деректеріне сәйкес, жексенбі таңындағы жағдай бойынша ел аумағында 24 белсенді өрт ошағы тіркелген. Олардың ең ірілері Нюбле және Био-Био өңірлерінде орналасқан. Дәл осы аймақтарда үкімет төтенше жағдай жариялады.

Аталған өңірлер ел астанасы Сантьягодан шамамен 500 шақырым оңтүстікте орналасқан.

Қазіргі уақытта екі өңірде өрт шамамен 8 500 гектар аумақты шарпып, көптеген елді мекенге қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты билік өкілдері эвакуациялау туралы шешім қабылдады.

Билік өкілдерінің айтуынша, қолайсыз ауа райы жағдайлары – қатты жел мен жоғары температура – орман өрттерінің кеңінен таралуына әсер етіп, өрт сөндірушілердің жұмысын едәуір қиындатқан. Чилидің басым бөлігінде аптап ыстыққа байланысты ескерту жарияланған.

Дүйсенбі күні Сантьягодан Био-Био өңіріне дейінгі аумақта ауа температурасы 38°C-қа дейін жетеді деп күтілген.

Жыл басынан бері Чили мен Аргентинада да аптап ыстық байқалып отыр. Қаңтар айының басында Аргентинаның Патагония аймағында жойқын орман өрті тұтанған еді.

Айта кетелік Аргентинада орман өртіне байланысты мыңдаған турист эвакуацияланды.

Соңғы жаңалықтар