Чжоу Ли: Н.Назарбаев - әлемдік деңгейдегі саясаткер

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Дипломатиялық жұмыспен көптен бері айналысып келемін, Орталық Азиядағы жағдай маған етене таныс. Президент Нұрсұлтан Назарбаев - әлемдік деңгейдегі мықты саясаткер, деді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық бөлім меңгерушісінің орынбасары Чжоу Ли «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовпен келіссөз барысында.

Чжоу Ли: Н.Назарбаев - әлемдік деңгейдегі саясаткер

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев - халықаралық жағдайды, өңірдегі, ТМД елдеріне қатысты, Қытаймен өз ықпалдастық жағдайын алыстан болжай білетін көреген басшы», - деді ол. Оның айтуынша, Н. Назарбаев халықаралық жағдайдың өзгерісін ескере отырып, жан-жақты ойластырылған ішкі және көпғасырлық сыртқы саясатты жүргізіп келеді. «Президент Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің басшылығымен екіжақты ынтымақтастық нығайып, кеңейе түсетініне сенімдімін», - деп атап өтті Чжоу Ли. Еске сала кетейік, Чжоу Ли әр жылдары КСРО-дағы, Ресейдегі ҚХР елшілігінде жұмыс істеді, Украинадағы (2007-2010 жж), Қазақстандағы (2010-2013 жж.) Қытай дипломатиялық өкілдіктерін басқарды. Осы сапар барысында қазақстандық делегация құрамына «Нұр Отан» Партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Саяси кеңес Бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов, Партия Төрағасының Бірінші орынбасары кеңесшісі Берік Құрманғали, Партияның саяси менеджмент мектебінің директоры Әсет Абдулаев кірді.