«Цифрлық жер қойнауы» деректер қоры 2023 жылы іске қосылады - Бағдат Мусин
«Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру бойынша кейбір салаларда кедергілер бар, мәселен, геологиялық база, жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас, денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылық пен бюрократия. Осыған орай, министрлік құзыретті мемлекеттік орган ретінде осы салалардағы тиісті жобаларды техникалық тұрғыдан жүзеге асыруды өз басқаруына алады. Жалпы бүгін үш жылдық келісімшарт бекіту мүмкіндігін беретін Заң жобасына қол қойылды», - деді Б. Мусин Үкімет үйінде өткен отырыста.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді құру уақыты 6 айға дейін қысқартылады.
«Мемлекеттік органдарға қосымша ресурс беретін бұлт инфрақұрылымы 2023 жылдың ортасында іске қосылады және әрбір сала бойынша цифрлық стратегия әзірленіп, бекітіледі. Геологиялық базаны құру бойынша, Kaz-Nedra платформасы концепциясы мақұлданып, биылғы мамыр айында іске асыру тапсырылды. Қазір 48 бизнес-процестің реинжинирингі жүргізіліп, оларды бекіту жұмысы салалық мемлекеттік органдарда пысықталып жатыр. Техникалық тұрғыдан іске асыруды өз қолымызға алып, бірқатар модульдерді, оның ішінде жеке кабинет, интерактивті карта, лицензияларға тапсырыс беру және т.б. қызметтер жыл соңына дейін қолжетімді болады. Ал «Цифрлық жер қойнауы» деректер қоры 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады», - деп түсіндірді Бағдат Мусин.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ұлттық деректер банкін құру бағытындағы жұмысына қанағаттанбайтынын айтып, ескерту жасаған еді.