Д.Абаев: Бұл - дағдарыстың өзі емес, ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Елімізді «қолайлы аймақтан» ығыстыратын экономикадағы күрделі жағдайлар даму мәселесін күн тәртібінен алып тастай алмайды, қайта оның өзектілігін анағұрлым арттыра түседі. Біздің Мемлекет басшысы ұсынған стратегия төңірегіне қаншалықты тез топтаса алатынымыз, табысқа жетуіміз соған байланысты», - деп жазады өзінің «Дамылсыз даму дағдысы» мақаласында. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Дәурен Абаев.
None
None

Қазақстан экономикасында не болып жатыр?

Біздің ел - әлемдік эконо­ми­каның бір бөлшегі, ал онда қа­зір бұлжымайтын екі үрдіс орын алып отыр. Бір жағынан, шикізат нарығы тоқырауға ұшырады. Коньюнктураның уақытша әлсіреуі байқалып қана қоймай, төмен бағалар ұзақ уақыт бойы сақталатын құрылымның іргелі өзгерісі орын алуда. Екінші жағынан, күні кешеге дейін жаһандық өсімнің локомотиві болып келген дамушы экономикалардың «құрылымдық баяулау» дәуірі басталды. Таяу келешекте олардың қарқыны бәсеңдей береді.

Қазақстан нақ осы екі үрдістің қыспағында қалып отыр.

Бұл - дағдарыстың өзі емес, мем­лекетіміз өмір сүріп, жұмыс жүргізетін ортаның түбегейлі өзгеріске түсуі. Жаңа ландшафт тек экономикаға ғана емес, барлық салаға да түгел қатысты. Баршаға да мінез-құлық моделін қайта қарауға тура келеді.

Қазір болып жатқан жайттар экономикалық дағдарыс шегінен әлдеқайда асып түседі. Бұдан арғы іс-қимылды айқындайтын болғандықтан мұны түсіне білу өте маңызды. Біз күту режіміне көше отырып және экспорт бағасының өсуін тоса отырып өзіміздің салғырт бейімделуімізге жол бере алмаймыз - ол жуық арада бола қоймайтын нәрсе. Дағдарысқа қарсы әрекетпен де шектеле алмаймыз.

«Пессимист желді айтып шағы­нады. Оптимист оның ауыс­қанын күтеді. Реалист болса, бірден желкенін көтереді», - деген Уильям Вордтың сөзін басшы­лыққа алған жөн. Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға белсенді түрде бейімделуі қажет. Ал ол бірнеше маңызды шарттарды қамтиды.

«Ақылды» үнем

Біріншіден, ресурстарды пай­далануға жаңаша көзқарас қажет. Нұрсұлтан Назарбаев қаражатты жаппай үнемдеу қажеттігін, бірақ оны қандай да бір бюджеттік бағдарламаларды бас салып қыс­қар­ту арқылы жеңілдетуге болмай­тынын атап айтты. Қаражат үнемдеу - бір реттік қана науқан емес. Президент ресурстарға деген жаңа қағидатты қарым-қатынас тұрғы­сынан үнемдеу туралы бұрын да, қазір де әлденеше рет айтып келеді.

Бұл ретте ол сөзін тек мем­лекеттік және квазимемлекеттік салаға ғана емес, бәсекеге қабі­лет­тілікті арттырудың ішкі көздерін іздестіруге тиісті бүкіл отан­дық бизнес қоғамдастығына арнады. Дамыған елдерде кең тарал­ған Іеаn-менеджмент (қам­қор­лық­пен басқару) әдісі бұған толық мүм­­кіндік береді. Оның мәнісі - қо­сым­ша құнды қамта­масыз етпей­тін үде­ріс­терді барынша азайту, өнім­сіз шығындардың бәрін жою.

Алғаш Тоуоtа корпорациясы жүзеге асырған мұндай тұжы­рымдама оны басшылыққа алған кәсіпорындарға миллиардтаған доллар пайда әкелді.

Lean-менеджментті мем­ле­кет­тік қызмет көрсету саласында да қолдануға болады. Мұны шетелдік қана емес, отандық тәжірибелер де дәлелдеп отыр. Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары мен «элек­тронды үкіметті» дамыту ісі халықтың да, бизнестің де қы­руар уақыты мен қаражатын үнем­дейді. Мемлекеттік аппаратқа қатыс­ты өзге реформалар да пайдасыз шы­ғыстарды қысқартуға бағыт­талған.

Осылайша, шығыстар туралы айтқанда, әншейін «белбеуді тартып» қана қоймай, ең басты нәрсеге - тұтынушылық құндылықтар қа­лып­тастыруға қатысы жоқ артық функ­цияларды алып тастау тұр­ғысынан ауқымды жұмыс атқару қажет болады. Бұл, шын мәні­сін­де, шағын кәсіпорыннан бастап министрліктерге дейінгі басқару­дың барлық саласын қамтитын үлкен өзгеріс.

Өндірушілік кезеңнен жасампаздыққа дейін

Екіншіден, жаңа табыс көз­дерін қалыптастырған жөн. Бұл орайда Мемлекет басшысы бас­тамашылық еткен өзгерістер әлдеқайда салмақты, тектоникалық үдерісті - өндірушілік модельден жасампаздық дәрежеге өту­ді көздейді. Арасындағы айыр­ма­шылық шикізаттық сала мен өңдеуші саланың қайсысының маңыз­дырақ екенінде емес. Еліміз өзінің кәсіпкерлік қуатын тұтыны­латын аралық және түпкі өнімдер өндірісіне, идеялар мен технологиялар іздестіруге бағыттап отыр ма, жоқ па, мәселе сонда.

Мысалы, ең консервативті болып көрінетін мұнай-газ саласының өзі жаһандық нарықты қайта пішімдейтін инновациялар ошағы бола алады. Мұны тақтатас (сланец) революциясы дәлелдеді.

Әрине, экономикалық проб­лемалар көбейген кезеңде күн­делікті күнкөріс қамына байланысты стра­тегиялық реформалар кейінге қала­тындықтан, оған деген зәрулік аса байқала қоймайды. Алай­да, дәл қазір өзгерістер кейін­ге ше­герілмей, керісінше жедел­детілуге тиіс. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған институттық реформаның мәні нақ осы жасампаз әлеуметтік-экономикалық модельді қалыптастыруға байланысты болып отыр.

Қазір ақиқатты айқындайтын сәт туып келеді. Әлемдік сарапшылар дамушы елдердің реформа жолын жаңа деңгейге шығатын баспалдақ ретінде пайдалана отырып, қазіргі қиын кезеңді еңсере алатынын айтады. Ал өзгерістен бас тартып немесе көз алдап, қазіргі жағдайда «жауырды жаба тоқуды» жөн көрген мемлекеттер тарихи тартыстың шаңын қауып қала береді.

Қазақстан өз таңдауын жасады. Ол Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерімен нығайтылған жаңғырудың нақты бағдарын ұсынды. Қазір оны заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып келеді. Қажетті ресурс­тар да баршылық.

Бірақ бұл жеткіліксіз - ажырамас тағы бір үшінші шарт бар. Реформалардың бір ерекшелігі, оларды «жоғарыдан» жүргізе алмайсың, бұл іс қоғамның тікелей қатысуы арқылы ғана жүзеге асады. Шикізат пайдасын бөлуден ада­ми капиталды еселеуге қарай бағдар ұстайтын жасампаз модельге көшуді баршаның және әр адам­ның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Ешкім де алаңсыз күйде, сырттай бақылап отыра алмайды.

Дүние жүзі зерттеушілері жапон феноменін зерделеу арқылы бұл елдің екі рет мүшкіл халге тап болса да, қалайша жетекші державаға айналып, бірегей мәдениетін қалай сақтап қалғанының сырын ұғуға тырысуда. Бұл орайда ғалым Питер Друкер банкир әрі кәсіпкер Эйичи Шибусаваның сонау ХІХ ғасырда негізін қалаған қағидаттары шешуші рөл атқарған деп санайды. Мұндағы ең басты қағидат та қарапайым: ұлттық мүдделер бірінші кезекте тұруға тиіс. Барлық жобалар мен шешімдерді, соның ішінде бизнеске қатыстыларын салмақтап-саралау ісі «Ел үшін не нәрсе жақсы болмақ?» деген сауалдан басталады.

Бұл қағидат баға жетпес мүм­кіндіктері бой тасалап тұрған уақыт сынына төтеп беретін Қазақ­стан жолының да негізгі арқауы болуға тиіс.

Материал «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, 24,11.2015 ж.

Соңғы жаңалықтар