Д.Абаев: «Терроризмге қарсы ислам» форумын өткізу идеясы түрлі елдердің көшбасшылары тарапынан қолдауға ие болуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақорданың Facebook желісіндегі ресми парақшасында онлайн-брифингте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев «Интерфакс-Қазақстан» АА сауалына жауап берді.

Д.Абаев: «Терроризмге қарсы ислам» форумын өткізу идеясы түрлі елдердің көшбасшылары тарапынан қолдауға ие болуда

«Көптеген елдерде лаңкестік оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шаралары күшейтіле ме? Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Терроризмге қарсы ислам» форумын шақыру туралы және бұл зұлымдықпен күресетін дүниежүзілік желі құру туралы бастамасын қай мемлекеттер қолдады, бұл форумды таяу уақытта өткізу жоспарланып отыр ма?» деген сауалға Дәурен Абаев былай деп жауап берді: «Соңғы күндері жиілеп кеткен лаңкестік актілер барлық елдердің қауіпсіздік шараларын нығайтуына елеулі түрткі болып жатқаны шындық. Біз де әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде бұған көз жұма қарай алмаймыз. Біздің арнайы қызметтер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқандығын айқын айта аламын. Жұртшылық оны аса сезіне қоймайды, ал шындығында бұл қызмет бір минут та тоқтаған емес. Бүгін лаңкестікке қарсы әрекеттер ісінде басқа елдердің қауіпсіздік органдарымен бірлескен жұмыстар жандандырылғанын атап өткім келеді. «Терроризмге қарсы ислам» форумына қатысты айтар болсақ, түрлі елдердің көшбасшыларының тарапынан бұл идеяны қолдауға ие болудамыз. Форумның нақты өткізілетін күні мен оның форматы туралы әзірге айту ерте, себебі қазіргі уақытта ұйымдастыру жұмыстары дайындық сатысында».