Д.Қожамжарова: Кәсіби мемлекет - шынайылық пен болашақ кепілі

Университет ректоры сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіруге басымдық беріп, оны жан-жақты түсіндіріп өткендігіне айрықша назар аударды.
«Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік. Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды», - деді. Жақында осы тараптағы жаңа заңға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Енді мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болмақ», - дейді ол.
Д.Қожамжарованың а йтуынша, жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылу көзделінген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету де қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіби мемлекет аппаратын қалыптастыруға зор ықпал етеді.
«5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспары - кәсіби мемлекет кепілі екендігін ескеретін болсақ, ондағы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өміршеңдігін бүгінде көпшілік айтуда. Осы орайда айта кеткен ләзім, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты педагог кадрлар дайындайтын іргелі оқу орны. Іргетасының қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен оқу ордасынан күні бүгінге дейін мыңдаған маман даярланды. Біздің басты мақсатымыз - жаңа тұрпатты, заманға сай, кәсіби мұғалім дайындау. Ал, кәсіби шеберлігі жоғары ұстаз - білім сапасының кепілі болмақ. Тәуелсіз ел тірегі - білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе - білім беру, ғылымды дамыту, өркениет біткеннің өзегі, білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «... Мұғалім қандай болса, мектеп һәм осындай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», - деген болатын. ХХІ ғасыр мұғаліміне қойылатын талаптар зор. Өйткені, білімді, кәсіби білікті ұстаз - бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі», - деді профессор.
Сондай-ақ, ол Елбасы мақаласында білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалауға қатысты да өзекті мәселердің қозғалғанын атап өтті».
Әлбетте, аталған салалар - адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайтыны рас. «Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады», - деді Мемлекет басшысы. Үш тілді білім беру - бүгінгі заман талабы, бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Осы арқылы құзыретті һәм заманауи тұлғаны қалыптастыра аламыз. Қазақ тілі - Отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің патриоттығымыздың белгісі болса, ал ағылшын және орыс тілдерін үйретудегі мақсат XXI ғасырда өмір сүріп жатқан жастардың ертеңгі күні еңбек нарығындағы қажеттілігін қамдау үшін болмақ», - деді Дария Қожамжарова.