Д.Медведев Қазақстанмен шекарадан өту тәртібі туралы заңға қол қойды
МӘСКЕУ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат – Ресей Президенті Дмитрий Медведев «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы шекаралас аумақтары тұрғындарының ресей-қазақстан мемлекеттік шекарасынан өту тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметімен келісімді ратификациялау туралы» федералдық заңға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Утро.ру» агенттігіне сілтеме жасап. Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл құжат тарихи қалыптасқан достық және туыстық байланыстарды қолдау мақсатында тараптардың шекаралас тұрғындарының мемлекеттік шекарадан өтуі үшін шекаралық және кедендік рәсімдерді оңайлатуға бағытталған. Азаматтардың осы санаты үшін ресей-қазақстан шекарасынан жеке куәлікпен өту көзделген. Бұл жағдайда көші-қон картасын толтыру талап етілмейді. Келісімде шекарадан өту үшін жарамды құжаттар мен шекарадан өтетін жерлер, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның шекаралық аумақтары белгіленген.