Дағдарысты жеңу үшін қоғамның тұтастығы мен елдің бірлігі қажет - Е.Хайдаров, тарихшы, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемді жайлаған күрделі дағдарыс жағдайында елдің алдында тұрған басты міндеттерді айқындап берсе, одан кейін «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» деген мақаласында мақсат аясын одан сайын аша түсті. Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров өз ой-толғамын былайша білдірді.

Дағдарысты жеңу үшін қоғамның тұтастығы мен елдің бірлігі қажет - Е.Хайдаров, тарихшы, БҚО

Оның айтуынша, Жолдауда дағдарысқа қарсы амал-әрекеттердің және ел дамуының барлық саласын жаңғыртуға бағытталған жүзеге асырылуы тиіс жоспарлардың бес бағыты нақты көрсетілген. Осыған сәйкес қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясат негіздерін қалыптастыру, жаңа әлеуметтік саясатты жүргізу мәселелері басты назарға алынған. Төл теңгемізді тұрақтандыру, инфляция деңгейін төмендету, Ұлттық банкты басқарудың тиімділігін арттыру және болашақта зейнетақы қорында жинақталған қаржыны ел игілігіне жұмсау секілді шешімдер қазіргі қаржылық қиыншылықтан шығудың амалы деп білеміз. Елбасы Жолдауда «көрпеге қарап көсілу» қағидатын айта отырып, Ұлттық қор қаржысын үнемдеу, салық саясатын жетілдіру, бюджет шығындарын азайту, 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялауды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бюджет шығындарынан үнемделген қаржыны бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жобаларға бағыттаудың қажеттілігі баса айтылды. Мұның өзі қандай өзгеріс, қиындық болса да, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің орындалатындығын білдіреді.

Ел басшылығы қолға алған саясат бойынша еркін экономикалық бәсекелестікті жандандыру мақсатында мемлекеттік меншіктегі кейбір кәсіпорындарды, шаруашылықтарды жуық арада жекешелендіру көзделген. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұл мақсаттарға жетуде отандық кәсіпкерлерді капиталдарын заңдастыруға, жекешелендіру науқанына белсенді түрде қатынасуға шақырып отыр. Осылайша мемлекет басшысы маңдай теріңмен тапқан тапқан қаржыңды өз мемлекетіңнің өркендеуіне, туған халқыңның тұрмысын жақсартуға жұмса, - деп барша кәсіп иелеріне үндеу тастады. Бұл, сөз жоқ, кәсіпкерлер қолдауға тұрарлық өзекті мәселе.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа инвестиция көздері қажет. Елбасы бұл тұрғыда трансұлттық корпорациялар арқылы жеке инвестициялар тартудың маңыздылығын, өңірлердегі инвестициялық ахуалды жақсартудың, ондағы жүзеге асып жатқан жобаларды жетілдіре түсудің, елдің экспорттық әлеуетін арттырудың қажеттілігін атап көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасын инновациялық тұрғыдан дамыту бағытында жаңа технологияларды енгізу, болашақтың энергетикасын жасақтау, тың ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру жағы да қарастырылған. Жолдауда айтылғандай, инновация ел экономикасының барлық саласының дамуына негіз бола алады.

Дағдарыстық кезеңде басым көпшілікті алаңдататын мәселе - халықтың әлеуметтік жағдайының қандай болатындығы. Қиындықтарға қарамастан, жалақы, зейнетақы, басқа да әлеуметтік төлемдер сақталып қана қоймай, өсетін болады. Елбасының бастамасымен жаңа әлеуметтік саясатты жасау міндеті қойылып отыр. Мемлекет қоғамдағы көмекке зәру топтарға әлеуметтік қолдау көрсетуін жалғастыра беретін болады. 2017 жылдан баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім берудің енгізілетіні жастар үшін - қуанарлық оқиға. Елбасы жастарымызды еңбекқорлыққа, бастамашылдыққа, белсенділікке және жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырып отыр.

Жолдау елімізді дағдарыстан шығарудың жолдарын, экономиканы дамытудың басымдықтарын айқындап берген басты құжат болып табылады.

Оған қоса Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жаңа жыл басындағы «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында нақтыланған бағыт-бағдарлар мен ой-тұжырымдары барша қоғамның, оның ішінде зиялы қауымның көңілінен шығып отыр. Мақаладағы басты идея «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындауды жүзеге асырудың жолдарын көрсету және жаңа қазақстандық арманның шындыққа айналатындығына халықтың көзін жеткізу болып табылады. Мемлекетті кәсібилендіру, заңның үстемдігін қалыптастыру, индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту және қоғамға есеп беретін ашық мемлекетті құру арқылы мақсат-мұратымызға жетуге болатындығы айқын көрсетілген.

«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның қабылдануын, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің құрылуын, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың қатаңдандырылуын, мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексінің жасақталуын, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің енгізілуін, мансаптық ілгерілеудің тиімді шарттарының болуын кәсіби мемлекетті қалыптастыру бағытындағы кешенді шаралар деп түсінеміз. Осыған сәйкес мақалада бес институционалдық реформаның алғашқысы ретінде мемлекетті дұрыс басқару арқылы ғана саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға қол жеткізуге болады, - деген тұжырым жасалған.

Елбасы қолға алған екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталған. Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары сот кеңесі туралы» заң қабылданған. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға, қылмыстық іс жүргізу кодексіне және әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне қажетті өзгерістер енгізілген. Мақалада нақты көрсетілгендей, Қазақстан соттарын реформалаудағы басты қағидалар сапалы судьялар корпусын жасақтау, сот процедураларын оңтайландыру, соттардың ашықтығын жәнеқолжетімділігін қалыптастыру болып табылады.

Қазақстанның «2050» стратегиясына сай негізгі мұраты әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу екені баршамызға аян және бұл жалпы қазақстандық арманға айналып отыр. Осы ауқымды жобаның жүзеге асуы өнеркәсіпті индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз етумен, бүкіл экономикалық жүйені кешенді түрде жаңғыртумен тікелей байланысты. Салық жүйесін жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік меншікті жекешелендіру, еркін бәсекелестікті жан-жақты дамыту, сыртқы инвестицияның жаңа көздерін тарту, индустриялық-инновациялық даму қазақстандық арманның іс жүзінде орындалуын жақындата түседі. Әлеуметтік жаңғыртуды іске асыру мақсатында білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сөйтіп, бюрократиялық кедергілерді жойып, шығыны аз экономиканы қалыптастырған жағдайда Қазақстан дамудың жаңа сатысына қадам басады.

Қазақстандық қоғамның тұтастығы мен ұлттар арасындағы татулық біздің ең басты құндылықтарымыз деп айтуға болады. Елбасы өз мақаласында ұлттық бірлік, біртектілік, біртұтастық төңірегінде сөз қозғаған. Бұл ұстанымдар мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағдары ретінде алынған. Осы саясаттың арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып тұр. Мақалада Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі мен «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясының саяси маңыздылығы баса айтылған. Қазақстандық біртектілік - мемлекеттің, қоғамның, жекелей алғанда, әрбір азаматтың табысының біртектілігі екені ерекше атап көрсетілген.

Бесінші реформа шеңберінде транспарентті және есеп беретін мемлекетті құру көзделген. Үкімет азаматтар үшін толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттің функцияларын бәсекелесті ортаға және өзін-өзі басқаруға беру жағы да қарастырылған. Өзін-өзі басқару мәселесі Қазақстанда кенже қалған саланың бірі десек, қателеспейміз. Бұл жолы мемлекеттік бағдарламада өзін-өзі басқару кезеңдері, тетіктері және қаржы көздері нақты көрсетілмек. Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттырады және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жағдай жасайды.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз жаңа Қазақстанды - Ұлы дала елін құрдық. Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.

Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», - деп бүкіл Қазақстан халқын ортақ істе күш біріктіруге, игі бастамаларға қолдау көрсетуге үндейді. Бұл барша жұртшылық тарапынан қолдау табады деп сене отырып, оған үлес қосу әр азаматтың парызы екендігін баса айтқымыз келеді», деп түйіндеді өз ойын тарихшы-ғалым.