Дамаскіде билік ауысқалы бері Түркиядан 175 мыңнан аса сириялық кеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияда билік ауысқаннан кейін Түркиядан 175 мыңнан аса босқын еліне оралды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Сирия босқындары
Фото: АЗЕРТАДЖ

Бұл туралы Түркия Ішкі істер министрлігінің басшысы Әли Ерликая айтты.

Министр атап өткендей, Түркия Сириядағы шиеленіс басталған сәттен бері сириялықтардың өз үйіне «өз еркімен, қауіпсіз, әрі ұйымдастырылған түрде оралуын» қолдап келді.

Түркия ІІМ басшысы 2024 жылдың 9 желтоқсанында таңнан бастап босқындар шекаралас жатқан бақылау-өткізу пункттеріне келе бастағанын еске салды.

— Сол сәттен бастап 175 512 сириялық бауырларымыз немесе 33 730 отбасы отанына оралды, — деп қосты министр.

Ерликаяның айтуынша, 2017-2025 жылдар аралығында 915 515 босқын Сирияға өз еркімен қайтқан.

Бұл ретте ол БАҚ беттеріндегі Газа секторы тұрғындарын Сирияның солтүстігіндегі босқындар лагеріне орналастыру жоспары туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркия мен Израиль Сириядағы қақтығыстардың алдын алу бойынша кеңесулерді бастады.

Соңғы жаңалықтар