21:50, 25 Қараша 2018 | GMT +5
Данэлия Төлешова Еуровидениеде «Өзіңе сен» әнін шырқады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Данэлия Төлешова Балалар Еуровидениесінің финалында өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан биыл Балалар Еуровидениесіне алғаш рет қатысып отыр. Байқаудың тікелей трансляциясын «Хабар 24» телеарнасынан көруге болады. Жеребе бойынша қазақстандық орындаушы сахнаға Украина және Португалия үміткерлерінен кейін үшінші болып шықты.
Данэлия «Өзіңе сен» әнін ақ көйлекпен және жалаңаяқ жүріп орындады. Арт жақтағы экран әдемі сары түске боялып, адамдар, бүркіттер, таулар сұлбасы ауысып тұрды. Жалпы, дайындық кезінің өзінде сахнаның безендірілуін әлемдік БАҚ ең әдемі безендіру деп бағалаған болатын.
Данэлиядан кейін тағы 17 үміткер өнер көрсетеді. Қатысушылар ән айтып болған соң көрермен дауыс беретін шешуші сәт басталады. Оған мына сілтеме арқылы кіріп, 15 минут ішінде дауыс беруге болады.
Фото: belta.by