Дания мектептерде ұялы телефон қолдануға толық тыйым салады

АСТАНА. KAZINFORM — Дания оқушылары мектепке келген кезде ұялы телефондарын тапсыруға мәжбүр болады. Шектеу сабақ уақытында ғана емес, білім беру ұйымдарының бүкіл аумағында қолданылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі АЗЕРТАДЖ-ға сілтеме жасап.

Дания мектептерде ұялы телефон қолдануға толық тыйым салады
Фото: АЗЕРТАДЖ

Дания үкіметі мектептерде ұялы телефон қолдануға толық тыйым салуды жоспарлап отыр.

Жаңа ережеге сәйкес, оқушылар мектепке келген кезде ұялы телефондарын тапсыруы керек. Тыйым басқа да электронды құрылғыларға қатысты болады.

Алайда бұған қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, медициналық көрсетілімдер бойынша құрылғыны пайдалануы қажет балаларға рұқсат беріледі.

Бұл шешім PISA халықаралық зерттеуінің нәтижелері жарияланғаннан кейін қабылданды. Зерттеу Солтүстік Еуропа елдеріндегі білім көрсеткіштерінің төмендегенін көрсетті.

Данияның білім министрі Магнус Хойнике PISA деректеріне сәйкес, мұндай шектеулер бұрын енгізілген елдерде оқушылардың сабақ кезінде алаңдауы азайғанын айтты.

Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен оқушылардың нәтижелерінің төмендеуін балалардың күнделікті өмірінің шамадан тыс цифрлануымен де байланыстырды.

— Біз, ересектер, балалар мен жастардың күніне экран алдында тым көп уақыт өткізуіне жол бердік, — деді ол.

Шамамен бір жыл бұрын дат саясаткерлері ұялы телефонсыз мектептер құру туралы келісімге келген еді. Алайда мерзімінен бұрын сайлау жариялануына байланысты бұл шаралар парламентте бекітілмеді.

Енді үкімет осы бастамаға оралып, мектептерде ұялы телефон қолдануға толық тыйым енгізуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Норвегия Ғылым және технология университетінің жаңа есебінде мектептерде мобильді телефондарды пайдалануға тыйым салу айтарлықтай жақсы нәтиже бергені айтылған еді.