Данияда артқа сальто жасау бойынша рекорд орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Данияның Орхус қаласының екі тұрғыны, Магне Стеенберг Нильсен және Филип Виммер Гросс шектеулі уақыт ішінде ең көп артқа сальто жасау бойынша әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің хабарлауынша, Магне 12 сағат 27 минут ішінде 1820 артқа сальто жасап, бұрынғы рекордты жаңартты, ал Филип 12 сағаттық категорияда рекорд қойды.
Экстремалды физикалық жүктеме бұлшықеттің қатты ауырсынуына әкелгенімен, екі спортшы да нәтижені сәтті деп есептейді. Рекордты орнату тек спорттық мақсатпен ғана емес, қайырымдылық үшін де ұйымдастырылды. Оның мақсаты — жергілікті Lystrup IF Gymnastik & Fitness спорт клубына қаражат жинау еді. Клуб 2025 жылғы наурызда алаяқтық құрбаны болып, бір миллионнан астам кроннан айырылған.
Қаражат әр сальто үшін жасалған қайырымдылық және демеушілік жарналар арқылы жиналды. Рекорд Guinness рекордтар кітабына ұсынылды және қатысушылар барлық талаптың сақталғанына сенімді.
Бұдан бұрын Норвегияда аязда суға шомылушылар Гиннестің жаңа рекордын орнатқаны хабарланды.