Дәрігерлерді қорғайтын заң қоғамдағы агрессия деңгейін бәсеңдетуге де бағытталып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды. Бұл заңның туындауына не түрткі болғанын статистикадан-ақ көруге болады.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық бірнеше жыл қатарынан көбейіп келе жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырыстарының бірінде 2019 жылдан бері дәрігерлер мен фельдшерлерге қарсы 170-тен астам шабуыл тіркелгенін тілге тиек еткен болатын.

Ал Асхат Аймағамбетов сияқты Мәжіліс депутаттары нақты ахуал ресми статистикадағы жағдайдан әлдеқайда күрделі екенін айтып жүр. Осыны алға тартқан Парламент пен Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді агрессивті әрекеттерден қорғайтын заң қабылдап, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Осы заңның жобасын талқылаған кезде Асхат Аймағамбетов медицина мамандарына жасалған зорлық-зомбылықтың 280 фактісі тіркелгенін жария етті. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасынан әлдеқайда көп. Заңда арнайы норма болмағандықтан медицина өкілдерінің көбі мұндай жағдайға аса мән бермей, «мамандығымыздың жағымсыз қыры» деп, құқық қорғау органдарына жүгіне бермейді. Депутат келтірген дерек пен министрлік статистикасының арасындағы айырмашылықтың сыры осында жатса керек.
Заң жобасы қолға алынған 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі дәрігер жұмысына кедергі келтірумен байланысты 58 қылмыстық фактіні анықтаған. Осыған дейін бір жылдың ішінде мұнша факті тіркеліп көрмеген. Бұған дейінгі заңнамада медицина қызметкеріне шабуыл жасау әкімшілік құқық бұзу ретінде рәсімделіп, «ұсақ бұзақылық» санатында қаралып келді. Қылмыстық кодексте дәрігердің қызметіне кедергі келтіру, қорқыту немесе күш қолдану жеке норма болып кірмегендіктен, жаза жеңіл болды. Салдарынан дәрігерлерге жұдырық ала жүгіру жиілеп, агрессияның мұндай түрі қоғам арасында қалыпты дүние болып қалыптаса бастады деген тұжырымның да қисыны бар.

Осылайша Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер медицина қызметкерлерін ерекше қорғалатын тұлғалар санатына қосты. Енді дәрігерге күш қолдану, қысым көрсету немесе қызметін атқаруға кедергі келтіргендер айыппұл төлеп құтылмайтын болды. Мұндай әрекетті сот дәрігер денсаулығына қасақана зиян келтіру деп таныса, 5 жылдан 10 жылға дейін, ауыр зардаппен аяқталған әрекеттерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеді. Ұйымның Attacks on Health Care (Денсаулық сақтау қызметіне жасалған шабуылдар) бастамасында денсаулық сақтау қызметіне жасалған физикалық шабуыл, қорқыту, жұмысын тоқтатуға мәжбүрлеу, жұмысына кедергі жасау – денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын әлсірететін зорлық-зомбылық деп айқындалған. Қазақстан қабылдаған заңның нормалары да осы қағидатқа дәлме-дәл келіп тұр.
ДДҰ зерттеулері әлем бойынша медицина қызметкерлерінің 8-38 пайызы еңбек жолында кем дегенде бір рет физикалық зорлық-зомбылыққа тап болғанын тіркеген. Медицина өкілдерін қорғау соғыспен, әскери қақтығыспен, арнайы операциялармен байланысты доктриналар мен конвенцияларда кеңінен көрініс тапқан. Кез келген төтенше жағдайда, түрлі қақтығыстарда дәрігер қызметіне қандай да бір желеумен кедергі келтіру, оның қызметіне мұқтаж адамды күшпен тұтқындап әкету халықаралық нормаларға, адамның өмір сүру құқығына қайшы әрекет деп бағаланады. Женева конвенциялары дәрігерлерді, ауруханалар мен медициналық көлікті қарулы қақтығыстар кезінде арнайы қорғалатын нысандар деп таныған. Ал «медициналық бейтараптық» қағидасы, медицина қызметкеріне қасақана зиян келтіру – халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзу болып есептеледі (Medical neutrality түсіндірмесі).

Халықаралық қылмыстық соттың Рим статуты медицина мамандарына бағытталған қасақана шабуылды соғыс қылмысы ретінде қарастырады. Мұндай әрекетке қатысқан тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Медицинасы дамыған, негізгі құқықтық канондар толықтай бекіп, заң үстемдігі біржола орнаған өркениетті елдердің кейбірінде де дәрігерлер арнайы нормалармен қорғауға алынған.
Мысалы, Ұлыбританияда дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерін қорғауға бағытталған нақты қылмыстық бап бар. 2018 жылы жетілдірілген Төтенше жағдай қызметкерлеріне жасалған шабуылдар туралы заңда (Assaults on Emergency Workers) жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасау қылмыс болып есептелетіні айқындалған және 12 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда бұл заң дәрігерді төтенше жағдайда жұмыс істеп жатқан жерінен зорлық-зомбылыққа тап болса ғана қорғайды.
Италияда медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекстің арнайы баптарымен қудаланады. Ондай әрекеттен медицина өкілдерінің денсаулығына зиян келсе, шабуылдаған адам 2-5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
АҚШ-тың кейбір штаттарында медицина өкілдері өзіне қарсы агрессивті әрекеттен ауыр зардап шеккені дәлелденсе, шабуылдаған адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Осы келтірілген статистикаларға, халықаралық тәжірибеге қарап, медицина қызметкерлерін қорғайтын заң дер кезінде қабылданған шара екенін аңғаруға болады.
Бұл заң жұмыс бабымен агрессияға тап болатын өзге сала қызметкерлерін заңмен қорғайтын тұтас құқықтық жүйенің қалыптасуына жол ашатын қадам болуы да мүмкін. Өйткені біз мысалға келтірген Ұлыбританияның Төтенше жағдай қызметкерлеріне жасалған шабуылдар туралы заңы нақты бір саланың өкілдерін емес, адам қауіпсіздігіне жауапты мамандардың бәрін қорғауға бағытталған. Германия мен АҚШ-тың, Канаданың тәжірибесі де осыған ұқсас. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанға да барлық қызмет бабындағы қызметкерлерді агрессивті қауіп-қатерден қорғайтын ортақ заң қабылдау тиімді болар еді. Бұл елдің құқықтық жүйесін бірізді етіп, қоғамдағы жалпы агрессияны азайтуға ықпал етеді.