«Дарын» сыйлығының иегерлеріне 1 млн теңгеден беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – 26 маусымнан бастап «Дарын» сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Өтінімдер 27 тамызға дейін қабылданады.

"Дарын" сыйлығы
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл туралы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы мәлімдеді.

– Биыл 26 маусымда «Дарын» сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Өтінімдерді қабылдау 27 тамызға дейін жүргізіледі. Толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан біле аласыздар, – деді Қайрат Қамбаров.

Мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлер екі кезеңнен тұратын іріктеу арқылы жан-жақты тексеріліп, бағаланады.

– Сыйлық алуға ұсынылған үміткерлерді комиссия 2 кезеңде қарайды. 1-кезеңде жан-жақты қарау мақсатында комиссия мынадай бағыттар бойынша 6 секция құрады:

1. эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы;

2. әдебиет, театр және кино;

3. журналистика және қоғамдық қызмет;

4. спорт;

5. дизайн және бейнелеу өнері;

6. ғылым.

2-кезеңде комиссия секция отырысы шығарған нәтижені негізге ала отырып, сыйлық беру туралы шешім қабылдайды, – дейді комитет төрағасы.

«Дарын» сыйлығы үміткерлеріне қойылатын негізгі талаптар:

* 14-35 жас аралығындағы жастар;

* Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары;

* Республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары;

* Сондай-ақ ғылыми қызметкерлер болуы тиіс.

Лауреаттарға 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталады.

– Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар, оқу орындары, шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер сыйлық алуға лайықты жастардың кандидатурасын ұсынады. Сыйлыққа ие болған жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі. Төсбелгі, диплом және ақшалай сыйақы табысталады. 2024 жылдан бастап, «Дарын» сыйлығының көлемі 1 номинация бойынша 1 млн теңгеге көтерілді, – дейді министрлік маманы.

Осыған дейін Мәдениет министрлігі ведомстволық марапаттардың орынсыз таратылу дерегі тіркелген жоқ екендігі туралы мәлім етті.

 

Соңғы жаңалықтар