Daryn.online деректерінің таралуы тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық ThreatMon киберқауіпсіздік платформасы қазақстандық daryn.online білім беру платформасының 4,2 миллион пайдаланушысына қатысты деректер базасы «даркнетте» жарияланған болуы мүмкін екенін хабарлады.
Платформа таратқан мәліметке сәйкес, астыртын форумдардың бірінде daryn.online платформасына тиесілі болуы ықтимал 4,2 миллион жазбадан тұратын деректер базасы анықталған.
Алдын ала ақпарат бойынша, жарияланған деректер қатарында пайдаланушылардың аты-жөні, парольдері, жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), электрондық пошта мекенжайлары, телефон нөмірлері және өзге де жеке мәліметтері болуы мүмкін. Сондай-ақ базада кәмелетке толмаған пайдаланушылардың деректері де қамтылғаны айтылған.
Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған ақпараттың шынайылығын тексеріп жатыр.
— Қазіргі уақытта министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ашық ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді зерделеп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақстанда дербес деректерді қорғаудың жаңа құқықтық тетіктері енгізілді.