Дәстүрлі қазақ әншісі Татьяна Бурмистрова 16 жылдан кейін Ақтөбеге барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші қазақтың ән-термесін 30 жыл бойы айтып, елінің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген орыс қызы Татьяна Бурмистрова 16 жылдан кейін Ақтөбеге келді, деп жазады «Ақтөбе» облыстық газеті.
None
None

Мамандығы психиатр дәрігер Татьяна Бурмистрованың өзінің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауылында орыс отбасында туып-өскен оған қалың қазақтың ішінде жүріп, тілді меңгеру қиынға соқпаған, сол сияқты музыкаға деген қызығушылық оның 7 жасынан домбыра үйренуге деген ықыласын оятқан. Ауылдағы музыкалық сауаты бар Ұлбике деген қыздан Құрманғазының бір күйін үйренген. Алматыдағы медицина институтында оқып жүргенде республикалық «Алтыбақан», «Тамаша» сияқты телехабарларға түсіп, әнші ретінде танылған.

Ақтөбеге 16 жылдан бері келіп тұрғаны осы екен.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының шақыруымен келген Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қазақтың халық әндері мен термелерін орындаушы Татьяна Бурмистрова 25 мамыр күні Алға қаласында, 26 мамырда Мәртөк селосында, ал 27 мамырда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда концерт береді.

- Осыдан қырық жыл бұрын 1976 жылы халық мені «Алтыбақан» телехабары арқылы әнші деп танып еді, одан бері де 40 жыл өтіпті. Өз мамандығым бойынша 7 жыл ғана қызмет жасадым. Бір ақсақалдың: «Шырағым, біздің тәнімізді емдейтін дәрігер табылар, сен жақсы әндеріңмен біздің жанымызды емде», - дегені есімде. Тыңдармандарыма әнші Татьяна ретінде көбірек қажет болдым. «Тамашаға» үш Татьяна болып қазақтың әнін айтып шыққанда, халық сонша риза болды. Біз туралы фильм де түсірілді. Талдықорғандық Татьяна Полтавская бүгінде Мәскеуде тұрады, ал тараздық Татьяна Мартыненко баянмен өлең айтатын, екеуі де кәсіби музыка мамандары, кейін бірақ әншілікті жалғастырған жоқ. Домбырамды тастамай, қазақтың ән-термесін жаныма серік етіп, әлі күнге әнімді айтып келемін. Жеке концерттерімді өзім жүргіземін, әр концертте аудиторияға қарай әңгімелерімді, әндерімді іріктеп айтамын. Репертуарымда қазақтың халық әндері, бұрынғы композиторлардың шығармалары, өсиет ретінде айтылатын термелер бар. Бұрын тұрмыстық деңгейдегі тілді білсем, қазір қазақша көсіліп сөйлей аламын, ол қазақ поэзиясын көп оқығанымның жемісі деп ойлаймын, - дейді Татьяна.

Т.Бурмистрованың әнін тыңдап, ол туралы көбірек білгісі келетін көрермендер концертіне барғаны жөн деп ойлаймыз.


Ардақ ҚОНАҚБАЕВА

Соңғы жаңалықтар