Дәурен Абаев: «Жылқы» трилогиясының Ұлы Далада түсірілетіні заңдылық
АСТАНА. ҚазАқпарат - «EQUUS» («Жылқы») трилогиясын Қазақстан жерінде түсірудің үлкен тарихи маңызы бар. Себебі, жылқының алғаш қолға үйретілген жері - өзіміздің Ұлы Даламыз, кең байтақ қазақ жері. Ботай мәдениеті кезінде жылқы жануарының алғаш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені белгілі. Оны ғылыми зерттеулер де растап отыр. Содан бері жылқы жануары көшпелі халықтардың негізгі көлігіне айналды. Ішсе - қымыз, жесе - ет. Ата-бабаларымыз жылқыға мініп, Еуропаға дейін барып қайтты. Қазіргі ұлан-байтақ жерімізді жаудан қорғап қалды. Сондықтан «Жылқы» трилогиясының Ұлы Далада түсірілетіні - тарихи заңдылық!», - деп жазды Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, аталған туынды арқылы Қазақстан жерінің өркениеттің орталығы болғанын әлемге танытуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Осы трилогияның арқасында жылқыны ең алғаш біздің ата-бабаларымыз қалай қолға қолға үйреткенін күллі әлем халқы тамашалайтын болады. «Трилогия әлемнің 50 елінде көрсетіледі. Осы жоба арқылы өзіміздің тарихымыз бен мәдениетіміздің тамыры тереңде екенін тағы бір мәрте көрсетіп, Мәңгілік елді кеңінен таныта аламыз деп сенемін. Бұл туынды Қазақстанның халықаралық аренадағы бақ-беделін арттырып, тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылықты күшейтеді»,-дейді Дәурен Әскербекұлы.
Археология профессоры Виктор Зайберттің пікірінше, бұрын Қазақстан жерін қаңғыбас балықшылар мен аңшылар мекендеген транзиттік аумақ деп санады. Алайда, бұл түсінік мүлдем қате болатын. «Ғалымдардың үлкен тобының зерттеулерінің нәтижесінде біз Қазақстан жер шарындағы ұлы инновациялар бастау алған даланың экожүйесі екенін дәлелдедік. Ең алдымен, бұл инновация жаңа өркениеттік сатыға - аттылы номадтар кезеңіне өтумен байланысты. Көп жылдар бойы біз материалдық мәдениеттің элементтерін зерттеп, қалпына келтірдік. Солардың бірегейі - Ботай сәулет өнері»,-деп түсіндірді «EQUUS» («Жылқы») трилогиясының түсіру алаңына барған журналистерге Виктор Зайберт.
Ғалымның айтуынша, археологиялық қазбалардан табылған Ботай мәдениетінің тұрғын жайлары Памирде, Гүржістанда, Хакасияда, Қытайда кездеседі. Демек, сол дәуірдегі біздің ата-бабаларымыз тұрғызған үйлер жер бетіндегі көптеген халықтардың баспанасының негізі болғаны анық. «Осындай тұрғын-жайларды қалпына келтіру жұмыстарын біз 13 жыл бойы жүргіздік. Ғылыми сызбалар бойынша осы сәулет үлгісі анықталды. 13 жыл бойы мұндай үйлердің қалай сақталатынын, бұзылатынын бақыладық. Ол құлаған кезде жерден қазып алып, ежелгі және бүгінгі сызбаларды салыстырдық. Олар дәлме-дәл келді. Яғни, бізге еуразиялық сәулет өнерінің түп-тамыры қазақ сәулет өнерінде жатқанын толық дәлелдеуге 13 жыл уақыт кетті»,-дейді Виктор Зайберт.
Археолог-ғалым қазақтың кәдімгі киіз үйінің Ботай мәдениеті дәуірінде пайда болғанын мәлімдеді. «Мұндай тұрғын-жайлардың мысалдары көп: киіз үй, шошала. Кейбір ғалымдар киіз үй темір дәуірінде пайда болды деп жазды. Ақиқатын айтсақ, ол Ботай дәуірінде пайда болған. Ұлы далада өмір сүрген ботайлықтар киіз үйді біреу салып берсін деп 2 мың жыл күткен жоқ. Олар өз тұрағын ойлап тапты»,-дейді ол.
Шынында да ботайлықтардың үйінің құрылымы өте қарапайым. Ол бір қарағанда төңкерілген кәрзеңкеге ұқсайды. Бірақ бұрыштарында уықтар жоқ. Бұл - жер бетіндегі үйлердің ең алғашқы үлгісі.