Давид Лория жекешелендірілетін футбол клубтарын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі бірнеше футбол клубы жекешелендіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория айтты.

Генеральный секретарь казахстанской федерации футбола
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайтың 4-отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанның Футбол федерациясы кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру бағытында жұмыс істеп жатыр. 2025 жылы 30 қазанда «Қайсар» футбол клубы ресми түрде жеке меншікке өтті және «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың басқаруына берілді. Қалалық әкімдік футбол академиясын салу үшін жер телімін бөлді. Инвестицияның жалпы көлемі 12 млрд теңге, - деді ол.

Оның айтуынша, «Қызылжар СК» футбол клубын жеке меншікке беру процесі осы жылдың 15 қарашасында аяқталады. Инвестор жыл сайын клубты, инфрақұрылымды дамытуға, жас ойыншыларды дайындауға кемінде 1 млрд теңге бөлуге міндеттеме алып отыр.

- «Жеңіс» клубына қатысты елорда әкімдігі заманауи футбол академиясының құрылысына жер учаскесін анықтады, сонымен қатар инвесторға үлес беру бойынша заңды процедуралар жүріп жатыр. Ал процесті аяқтау және жаңа заңды тұлғаға құқық беру 2025 жылдың 7 қарашасына дейін жоспарланған. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 16 млрд теңге. Қаражат академияға құруға және балалар-жасөспірімдер футболын жүйелі дамытуға бағытталады, - деді Давид Лория.

ҚФФ бас хатшысының сөзіне қарағанда, «Шахтёр» футбол клубы мүлкін толық бағалау жүргізілді. 2025 жылы қарашада Қарағанды облыстық мәслихатында клубты жекешелендіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.

- Тыңдаулардың қорытындысы бойынша клубты сату жөнінде аукцион өткізіледі. Жалпы инвестиция көлемі 18 млрд теңге болады, оның 12 млрд теңгесі футбол академиясын салуға, ал 6 млрд теңгесі өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жұмсалады. Жалпы, тартылған инвестицияның жиынтық көлемі 45 млрд теңгеден асып түседі, - деді ол.

Айта кетейік, отырыста Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов еліміздің өңірлерінде 14 жаңа стадион салу қажеттігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар